Міндетті емес ақындар көп жасауға…

Міндетті емес ақындар көп жасауға…

Осыдан бірнеше күн бұрын, 9-ыншы ақпан Мұқағали Мақатаевтың туған күні өтті. Көзі тірі болғанда 93 жасқа толар еді. Небәрі 45 жасында өмірден озған ақиық ақынымыз әлі де ел есінде. Жыл сайын туған күнінде бұқаралық ақпарат құралдары, ел зиялылары Мұқағали жайлы жарыса жазып, еңбектері мен өмір жолынан қалам тербейді.
Ұлт сүйіспеншілігіне бөленген тұлғамыздың негізі азан шақырып қойылған аты — Мұхаммедқали. Бірақ оны дүйім жұрттың бірі білсе, бірі білмейді. Пайғамбардың есімімен жүру қиын болады деп, бала кезінен әке-шешесі оны Мұқағали атап кеткен. Ел аузында да осы атымен танымал. Одан бөлек эстетикалық көркімен тұла бойыңды жаулап алатын лирикалық өлеңдері ерекше ықыласқа ие. Себебі тілі жеңіл, қарапайым. Оқыған жанды баурап алары анық. Түрлі иірімдері, сөз қолданысы, әсерлілігі барлығы да орынды жинақталып, ешқашан өлмейтін мұра қалдырған. Кез келген сөзді қосып өлең жасауға болмайды. Мағыналы сөздер мен сөз тіркес¬терінің әдемі үйлесімі ғана өлеңді құрайды. Өлеңді өлең ететін – ақын және оның тіл шеберлігі.
Ақынның ең басты құралы – сөз және сол сөздердің мағыналары. Мұқағали сөздердің осы ерекшеліктерін кеңінен пайдаланған. Оның шығармаларында бейнелеуіш құралдар метафора, эпитет, теңеу, т.б. орынды қолданылған.
Сонымен қатар сөздерді құбылту арқылы өлең-жырларын бейнелі, көркем етіп жазған.

Қарасаздың тумасы Мұқағали шығармаларын есіткенде ғашық бола бастайсың. Өмірге, өлеңге, мына әлемге, айналаңа. Мұқағалиды қазақтың Мұқаңы еткен оның жан дүниеге ерекше шабыт сыйлап, жүректерді елжіретер лирикасы. Оның поэзиясының қайнар көзі – заман тынысы, туған өлке, табиғат бейнесі, мөлдір махаббат, сарғайған сағыныш. Осының бәрін Мұқағали қайталанбас шеберлікпен, шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп жеткізіп отырған.
Ақынның шығармашылығы қарапайым халықты ғана емес, ақын-жазушыларды да таңдай қақтырған. Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев оған:
“М.Мақатаев — адамдар арасындағы, өмірдегі, табиғаттағы жарастық пен келісімнің жыршысы. Оның… өлеңдері шын тебіреністен, шын шабыттан, шын күйзеліс пен шын қуаныштан, шын сағыныштан туған”, — деп бағасын берген. Ал жас ақындарға үнемі қолғабыс беріп жүретін Әбділда Тәжібаев Мұқағалиды тіптен ерекше жақсы көрді. Оның алғашқы өлеңін жариялаған жан да осы ақынымыз Әбділда Тәжібаев еді. Мұқағали қайтыс болғаннан кейін, өлеңдерін барлық газет-журнал, кітаптарға шығартты.
«1976 жылы „Өмір дастан“ деген Мұқағалидың кітабы дүниеге келді. Оған Мұқағалидың өзі қатты қуанып, кітаптың бірнеше данасын алып, соның барлығын өзінен үлкен ақындардың біразына қолтаңбасымен таратқан. Біреуін Әбділдә Тәжібаевқа жіберіпті. Сол кітапқа тілегімен қоса „27 наурыз, 1976 жыл“ деп жазыпты. Негізі бұл ақпан айында болған еді. 27 наурызда Мұқағали дүниеден өтті. Содан кейін кітапты қолына алған Әбділда Тәжібаев таң қалып, „әулиелігі бар екен ғой“ деп „Әулие ақын“ деп ат қойған. Сонда Мұқағали өзінің өлетін күнін сезген секілді…

“Отты жырмен тіл кескен, жыры бөлек,
Жаны жайсаң, көңілі кең, жұмыр жүрек.
“Поэзия — жанымның шырылы” деп
Мұқаңдай өлең сүйген жандар сирек.

Алла берген дарынын шыңдай білген,
Өзін-өзі оқытып, білім көрген.
Ашық мінез, нағыз дос адам болып,
Өлең-сөзді әрдайым сүйіп өткен.

Ұлыға тән құбылыс пен ірі тұлға
Әр уақыт құрметтеп мен қостым жырға.
Ақынның ақындығы атақ та емес,
Еліменен бір болған ұлылықта!”

Мөлдір Мандыбекқызы
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше