Тәуелсіздік-киелі ұғым!

Тәуелсіздік- адамның өзін еркіндікте сезінуі, бостандықтың бөлшегі. Тарихы мен маңызын ұққан жан үшін ең асыл қазына болмақ. Құқығың қорғалатын, намысыңды биік ететін, халықтың қамын жейтін тірегің бар екенін сезінуге мүмкіндік беретін айрықша белгі. Шындығына келгенде біз соны бағалаймыз ба? Егемен елдің еңсесі биік.
Менің ойымша, тәуелсіз мемлекеттің шырағы жарық. Өйткені елдің дамуы, әлеуметтік жағдай, экономика, саясат, қауіпсіздік, мәдениет және тағы да басқа салалар қарқынды түрде алға жылжитын болады. Көптеген жобалар ұйымдастырылады. Соның арқасында халықтың ахуалы да белгілі болады, жағдайы төмен отбасыларға барынша көмек жасалады. Қазақстан да өзінің тәуелсіздігін 1991 жылы 16 желтоқсанда алған болатын. Ата-бабмыз аңсап, қолы жете алмай кеткен арманды күндердің қызығын кешіп жүрміз. Тарихқа терең үңілетін болсақ, біз қашанда егемендік үшін күресіп өттік. Алайда жасалған қан мен тердің қадірі осы күнде кеткен сияқты. Жастар үшін тәуелсіздік пен тарихтың еш маңызы қалмағандай. Қазақ тілінің мәртебесін аяққа таптаған жастарымызды да көріп жүрміз. Сан ғасыр бойы бодандықта өмір сүріп, жанын халқы үшін қиып, қан майданда ерлікпен қаза тапқан батырламыздың, азаттық үшін алып елмен күрескен биік тұлғаларымыздың басына сор болғанымыз ба?
Біріншіден, қазіргі таңда білім мен ғылым едәуір дамыған. Өз тарихымызды, тілімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді тануға еш кедергі жоқ. Бірақ оны дәріптейтін, маңызын ұқтыратын ешбір қарекеттің белгісі көрінбейді. Әрине, әлеуметтік желіде телміріп, шет елге асық болып жүрген кінә өзімізден де шығар. Алайда Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілін құрудағы еңбегі, Санжар Асфендияров пен Ермұхан Бекмахановтың тарихты жазып шығуының құндылығын ұмытпауымыз қажет. Біздің тәуелсіздікте бейбіт өмір сүріп жүргеніміз ата-бабаларымыздың жүріп өткен қанды жолының нәтижесі.
«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты-
Мен жастарға сенемін!» деп Мағжан Жұмабаев айтып кеткендей соңғы үміті, жарық шырағы кейінгі жастар болатын. 1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Пленумында халықпен санаспай Д.Қонаевты қызметтен алып, орнына Қазақстан туралы еш хабары жоқ Г.В.Колбиннің сайлануы үлкен көтеріліске әкеліп соқты. Қазақтың қаракөз қыздары, жас жеткіншектері мен елінің болашағын ойлайтын рухты халық жиналып өз талаптарын ашық алаңға айтты. Соңында барлығы қудаланып, темір торға қамалып жазаланды. Алайда одан да сескенген жоқ, керісінше күресе білді. Ал қазір билік басында өзге ұлттылардың, қазақ жерін танымайтын тұлғалардың отырғаны жұртқа аса қызық емес. Осыдан-ақ өзінің туған еліне деген жанашырлықтық жоқтығы көрініс табады.
Екіншіден, рухты патриоттардың жоғалып бара жатқанын айтпасқа болмас. Әрине, бұрыңғы замандағыдай соғыстар мен көтерелістер орын алып жатқан жоқ. Бейбітшілікте тату-тәтті ғұмыр кешіп келеміз. Десек те, бойдағы патриоттық сезім тек шайқасқанда байқалмайды. Мемлекеттің дамуына, дүниежүзіне аты шығуына, туған жердің табиғатын қастерлеуге, өнердің биік шыңға жетуіне үлес қосудың өзі нағыз патриоттың әрекеті болмақ.
«Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,
Қарағым, енді жату жарамас-ты.»
деп Міржақып Дулатұлы жырлап тұрғанда қалайша көкіректі мұз басты? 1941-1945 жылдары өткен Ұлы Отан соғысында дәл өзіміздей жастар елінің қауіпсіздігі үшін шайқасқа түсті. 1 миллион 200 мың адам соғысқа шақырылып, 394 мыңы еліне қайтарылмай ерлікпен қаза тапты. Соның арқасында біз тәуелсіз екенімізді қаперімізден шығармауымыз қажет. Ешбір байлық тәуелсіздіктің құнына тең келмейтіні сөзсіз.
Қорытындылай келе, тәуелсіздіктің қадірін ұғыну-өскелең ұрпақтың өз меншігінде. Еліміздің мәртебесін асқақтатып, байрағын биік ұстау бізге тапсырылған аманат. Егемендіктің алауын мәңгі жағып жүру үшін, өзге елдермен қабырғамыз тең болуы үшін тәуелсіздіктің құндылығын жоғалтпауымыз керек. Болашақ біздің қолымызда!
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше