Театрға барам десеңіз...
Театр…
Театр — нағыз киелі сахнаның ордасы, өнердің мекені.
Театр — көрерменге түрлі эмоция сыйлай білетін, атмосферасы бөлек әлем.
Театр — қоғам мен өнерді байланыстырушы алтын көпір.
Театрдай саф өнердің өнерсүйер қауым үшін маңызы ешқашан жоғалған емес.
Иә, бүгінгі театр толқынын осыдан шамамен 10-15 жыл бұрынғымен салыстыруға да келмейді. Ал қазіргі таңда театрдың «трендте» болғаны соншалық, театрға билет алу ұтыс ұтқанмен пара-пар деңгейде. Тіпті театр жастар арасында мінсіз кездесу орындарының біріне де айналып үлгерген.
Мүсірепов жырлағандай, хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнердің халық тарапынан жоғары бағалануы көңіл қуантады.
Жалпы театр, сахна дегенде этика, мәдениет ұғымдары қатар айтылары анық. Осы тұста театрға баратын әр көрермен театрдың ішкі ережелерін қаперінде ұстағаны абзал. Өйткені мұндай киелі әрі рухани ордада мәдениетсіздік көрсету — әбестікке жатары хақ.
Сонымен, театрға барам десеңіз, сіз білу керек бірнеше қағидалар бар. Олар:
• Қойылымға кешікпеңіз!
Бойға сіңген «қазақпыз ғой» деген қасаң түсінікті алып тастап, қойылымға кешікпеуге тырысыңыз. Өйткені спектакльдер жиі кешкі уақытта болғандықтан жол кептелісіне түсіп қалуыңыз мүмкін. Сондықтан барынша уақытыңызды алдын ала жоспарлап, театрға қойылым басталар алдын 20-30 минут бұрын келгеніңіз абзал.
• Сәнді дресс-кодпен келіңіз!
Халық арасында театр сахнасы өте киелі орын саналғандықтан, өнер әлеміне сыйластық танытып, ортаға сай келісті киінгеңіз жөн. Мейілінше спорт киімі немесе жұмыс киімімен келуден аулақ болыңыз.
• Спектакль уақытында тыныштық сақтаңыз!
Қойылым басталар алдын ұялы телефоныңызды өшіріп немесе дыбыссыз режимге қойғаңыз дұрыс. Және жаныңыздағы адаммен күбір-күбір сөйлесіп, өзге де көрермендердің мазасын алмай, назарыңызды қойылымға аударыңыз. Сонымен қатар бейне не фотоға түсіргенде жарықты қоспаған абзалырақ. Бұл актерлық құрамға кедергі жасайтынын ұмытпаңыз.
• Спектакль үстінде тамақтанбаңыз!
Театр сізге попкорн мен газдалған сусынды ішіп көретін кино емес. Яғни театрда шынайы актерлер ойнағандықтан, оларға сыйластық танытқан абзал.
• Шымылдықтың жабылғанын күтіңіз!
Спектакль аяқталысымен сыртқа шығып, гардеробқа асығудың қажеті жоқ. Қойылым біткен соң, көремендермен бірге тұрып, сіздің ерекше кешіңізге себепкер болған өнер иелеріне қошемет көрсеткен дұрыс.
Егер материалдық жағдайыңыз жетіп тұрса, театр әртістеріне гүл беруді де ұмытпаңыз. Олар үшін көрерменнің ыстық ықыласы мен шынайы ниетінен артық сый жоқ.
Қорытындылай келе, театрға барам десеңіз, өнер ордасының дәл осындай бірнеше ішкі ережелерін ұстанып, жақұт өнердің бұлағынан рухани сусындап қайтыңыз.
Пікір жоқ әзірше