Заманауи тіл мәдениеті

Ұлттық тіліміздің шұбарлануы — құндылығымыздың құлдырауына әкеліп соғуы мүмкін

Қазақ тілі- кіршіксіз таза, тарихы терең, тағылымы мол қадірлі тіл. Ана тіліміздің сөздік қоры өте бай, мән мағынасы жоғары екендігін әрбір қазақ баласы мойындауға міндетті. Тіліміздің көркем, қарапайым әрі Отанымыздың басты құндылығына айналып, мемлекетіміздің тірегі болып отырғандығын сезіну, әрі осы күнді өз көзімізбен көру- біз үшін үлкен бақыт екендігін атап айтсақ артық етпейтіні анық.
Тіл тазалығы — бүгінгі қоғам қасіретіне айналып отыр. Әлем дамып, жаңа сөздер күннен күнге көбейіп, қолданысқа еніп жатқанда тілге төнген қауіп те жоғарылай түсуде. Күнделікті өмірде күйбең тіршіліктің қамымен жүрген жандар «ана тілі» мәселесін тіптен ұмытып кетіп жатады. Бүгінде тіліміздің шұбарлануы мен мән мағынасын жоғалтуы даулы мәселеге бастау алып отыр.
Ана тілімізді сленг, жаргон, диалект сөздермен араластырып, өзге тілдермен шұбарлау- қоғамда күнде көріп жүрген үйреншікті жайтқа айналуда. Мәселен, жастар арасында кеңінен қолданылатын «тусовка» сөзінің мағынасы «мерекелік кеш» болса, «краш» сөзі «сымбатты» деген мағынаны білдіреді. Қоғамда бұдан бөлек біршама бейтаныс сөздер жеткілікті екені де өтірік емес. Әрине жас шамасына қарай мұндай сөздерді қолдану жасөспірімдер үшін тиімді әрі қызықты болуы мүмкін, алайда бұл тіліміздің құнсыздануына әсерін тигізері хақ.
Бұл мәселені шешу мақсатында мемлекет тарапанан түрлі іс-шаралар, қазақ әдебиетін дәріптеу мақсатында қазақтың төл жазушыларына арнап мерейтойларын атап өту арқылы тіліміз бен ұлтымыздың тарихи болмысын еске салу жұмыстары жүргізілуде. Тіпті мектеп бағдарламасы бойынша жиынтық бағалау жүмыстарына әр оқушының жеке ойын дәріптеп, көзқарасын қазақи тұрғыда жеткізе алуы үшін арнайы эссе жазу тапсырмаларында құрастыруда. Әрине, мұндай еңбектерді де атап айтып, елеп-ескеруіміз керек. Себебі мектеп жасынан ақ баланың тілімізге деген құрметін айшықтау өте үлкен іс. Осындай қалыпта тілімізді сақтап қалу және оны ары қарай дамыту мүмкіндігі де жоғарылайды.Тіліміздің заманауи бағытта дамуы да айтарлықтай жаман жаңалық емес. Дегенмен, төл әдебиетімізді еш қорламай, мазақ етпей, өз қалпында сақтау, тіл тазалығы мен мәдениетіне ерекше көңіл бөлу-мемлекетіміздегі әрбір жанның басты міндеті. Осындай қадірлеп, қастерлеу ,қиындықпен келген дүниені құрметтеу секілді асыл қасиеттерді адам бойына бала күнінен дәріптеу де ерекше маңызды пунттердің бірі.
Қазақ тілін қаз-қалпында, кіршіксіз мөлдір күйінде сақтап, болашақ ұрпаққа аманат ету- біздің қолымызда. Сан ғасырлық тарихы бар тілімізді құрметтеп қастерлеу бүгінгі ұрпақ алдындағы басты міндет. Осы тұста Ахмет ағамыздың «Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек» деген сөздері еріксіз еске түседі. Ел болып тұтастығымызды сақтап қалу тек тіліміздің амандығына байналысты. Олай болса тұғыры биік Қазақ тілімізді қазынадай қорып, келешекке табыстау өз қолымызда.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше