Әлемдегі ең үлкен өтірік - әлеуметтік желідегі парақшаң

Әлеуметтік желі дамыған заман. Баршамыз да тәуліктегі 24 сағатты телефонға телміріп өткіземіз. Рас! Әлемдегі ең үлкен өтірік — әлеуметтік желідегі парақшаң.
Мәселен мен Instagram, Tik-Tok желілерінде белсендімін. Бәрінің көрсететіні бір «әдемі» әлем. Қайсысын қарасаң да, бәрі сенен күшті өмір сүріп жатқандай. Шыны керек, блогерлерді немесе әлеуметтік желіге өмірін қызықты етіп көрсететін адамдарға қызығып та, қызғанып та қараймыз. Құдды бір жеке өмірінде ешқандай мәселе жоқ сияқты. Бірақ, ол адамның ішкі әлемінде не болып жатқаны бізге беймәлім. Камераға күліп қарап, әдемі кейіп таныту кез — келгеннің қолынан келеді деп ойлаймын. Бізді мінсіз, мұңсыз қылып көрсететін әлеуметтік желідегі парақшамыз. Әлде бір қызықсыз, сұрықсыз парақшаның артында өзінің жеке өмірін жариялағысы келмейтін, ішкен -жегенін, киген-сүйгенін өзінің әдемі әлемі санайтын жұмбақ жан тұрады. Керісінше, мақтануды, шетелде демалуды білетін, ал, қайырылымдыққа келгенде бөліп берер ақшасы жоқ, өзін ел- жұртқа бай қылып көрсетуді білетін адамдар да өкінішке орай, инста-арамызда жүр.
Әлеуметтік желіде бет әрлегіш маскалармен қуыршақтай көрінетін сұлу бикештер көп. Өздерін алдап қана қоймай, өзгені де сол жасанды сұлулыққа иландырып жүргендері қаншама? Алайда, жасөспірім қыздар сол бір жасанды бейнеге қарап «Шіркін, менде сол секілді болсам ғой» деп еліктейтіндерін қайтерсің.
Сөзбен көп нәрсені уәде етіп, ақылдының кейіпін танытып, жүрген жеріне түкке тұрғысыз «бес тиынын» қыстырмаса жүре алмайтындар қаншама?
Жылтырағанның бәрі алтын емес, күліп жүргеннің бәрі бақытты емес… Өзіңдегі барды бағала!
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше