Ақшамен өлшенетін заманда бақытың құны қанша?

Бақыт-қуаныштың ең тәтті сезімі, эмоцияның тасқынына әкелетін тылсым нәрсе. Ал бақытты өмір сүрудің демеушісі ақша деп жатады. Шынында солай ма? Бақытты өмірдің құны қанша?
Кез-келген адам бақыт ақшада емес деуі мүмкін. Дегенмен онсыз өмір сүру мүмкін еместігін де түсінеміз. «Денсаулығың жоқ, не жақының, не туысың жоқ болса ақшаның қажеті қанша?», деп жүргендерді естіп жүрміз. Бірақ байдың бәрі бақытсыз деген ұғымды сірә, өзіміз шығарып алған да шығармыз. Бұрыннан қалталы адамдар сараң болып келеді дегенді естіп өскен халықпыз. Шынында солай ма? Ақиқаттан алыстаудың қажеті жоқ, елімізде емге, үйге, қарадатқа мұқтаж жандарға көмек қолын созып жүрген сол ақшасы бар, байқуатты азаматтарымыз. Көлік, пәтер. телефон. түрлі бағалы сыйлықтарды да мұқтаждарға таратып жатады. Ал біздің қанымызға байлық тек сараңдыққа әкеледі деген баяғы өрескел пікір түбімен сіңіп кеткен. Қаншалықты қаражатың көп болса, соншалықты бақыттысың. Ақшаң болса жақсы дәрігерге қаралып денсаулығыңды жақсартасың, өз ортаң пайда болады, отбасыңды да қамтамасыз етуге жағдайың жеткілікті болмақ. Ақшасыз оның бәрі мүмкін емес. Дегенмен, бақытты болу үшін дүниенің барлығын жиып алудың да қажеті шамалы. Толық бақытты болу үшін қаржылық сауаттылықтың болуы да маңызды. Кез-келген адам байлыққа қол жеткізе алмайтыны айтпаса да белгілі. Осыдан 2 апта бұрын ағамнан осы тақырыпқа байланысты сұраққа жауап берген едім. «Қазіргі өмірің жақсы болуы үшін айына қанша қаражат қажет?», деп тосыннан сұраған болатын. 500 мың жеткілікті деп ойладым. Осынша ақшаны қайда жұмсайтынымды сұрағанда шынында ойланып қалдым. Салонға бармасам, басымда кредит, не асырайтын отбасы жоқ болса, жатаханада тұрып жатсам, бір айда мұнша ақшаны қайтпекпін? Бұл бір ашкөздік шығар, білмеймін. Қазіргі өміріме ризамын, еш шағымым жоқ. Барға шүкіршілік етсем де ақшам көп болса деп қиялданады екенмін.
Тоқсан сөздің тобықтай түйінін айтар болсам, адамға бақытты өмір сүру үшін көп қаражаттан бұрын шүкіршілік керек. Барына қанағат етіп, жоғына еңбек ететін адам ғана нағыз бақыттың дәмін татпақ.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше