БАҚЫТТЫҢ МӘНІ АҚШАДА МА?
Бақыт сөзі әр адамның ой санасында әр түрлі ұғымда. Бірі үшін бақыт — денсаулық, жақындарының амандығы, ал екіншісінің түсінігінде бақыт ол — мәртебе, атақ, абырой болса керек. Тіпті кей жандар үшін бақыттың мәні ақшада, байлықта.
Иә, бес саусақ бірдей емес дегендей, бақытты өмірдің адам түпсанасындағы модельдері жетерлік.
Қазіргі таңда бақыт ұғымын ақшаға тікелей байлап қоятындарды да жиі кездестіреміз. Осы тұста «бақыттың мәні ақшада ма?» деген көкей тесер сұрақ пайда болары анық. Бұл сұраққа жауап бермес бұрын «бақыт» пен «ақша» ұғымдарының мағынасын ашып алсақ.
Бақыт — адамға эмоция сыйлайтын, өмірге құштар қылар сезімдердің бірі. Ал «ақша» — адам қажеттілігін өтейтін балама деп қарастыра аламыз.
Енді жоғарыдағы қойылған сауалға келер болсақ, бұл сұрақтың шешімі екі жақты қарастырылады.
Бақыттың мәні емес, оның бір бөлшегі ғана ақшада. Яғни бақыт ұғымын толығымен ақшаға байлап қою әсте дұрыс емес. Бірақ ақша — қажеттілік, ақша — ресурс. Мысалы, саяхаттау, қымбат мейрамханалар, брендтер былай тұрсын, сіздің киіміңізді бүтін, қарныңыздың тоқ болуы, жылы баспана мен білім игеру үшін ақша қажеттілік болып тұр. Яғни ақшаны толығымен керексіз дүние ретінде қарастыра алмаймыз. Бірақ дүние қуып, бақыттың мәнін қашырмаған дұрыс. Өйткені өмірде ақшадан да қымбат дүниелер өте көп. Атап айтсақ, денсаулық, отбасы және т.б. Қалтаңды тесіп бара жатқан қанша байлығың болса да, мұнын біріне де жетпесі анық.
Қорыта келе, қоғамдағы адамдардың ойындағы «байлық», «ақша», «бақыт» ұғымдары сан қилы. Демек бақыттың құны емес, құндылығы маңызды екенін ұмытпаған жөн.
Сөз соңын Қадыр Мырза Әлінің мына бір өлең жолдарымен қорытындылаймын:
Бір құдірет бізді өмірге жолдайды.
Біз өмірді түсінбейміз,
Сол — қайғы.
Туа сала таудай бақыт күтеміз,
Ал шынында бақыт үлкен болмайды.
Лүпілдеген тамырындай шекенің
Жеке сағат,
Жеке тәулік,
Жеке күн.
Үлгермейміз түсініп те,
Байқап та
Кейбір сәттің нағыз бақыт екенін!
Пікір жоқ әзірше