Қызың өссе…

Қыз – отбасының сәні, ұлттың айнасы. Қазақ халқы қыз баланы ерекше құрметтеп, оның тәрбиесіне аса мән берген. “Қызың өссе, қызығасың” деген халық даналығы бекер айтылмаған. Қыз баланың әр қимылы, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі – оның ғана емес, бүкіл отбасының, тіпті елдің тәрбиесін көрсетеді. Сондықтан да халқымыз “Қызды қырық үйден тый” деп, оның әдебі мен инабатын жоғары ұстауға шақырған.

Бүгінгі заманның қыздары – ертеңгі ұлт анасы. Олардың тәрбиесі бүтін бір ұрпақтың тағдырын анықтайды. Қыз бала тек сабағын жақсы оқып, білікті маман ғана болмауы керек. Ол ең алдымен тәрбиелі, ізетті, мәдениетті, мейірімді болуы қажет. “Қыздың жолы жіңішке” деп бекер айтпаған, өйткені қыз балаға қойылар талап әрдайым жоғары.

Қазақ қыздарын кішкентайынан ісмерлікке, қонақжайлыққа, тазалыққа, әдептілікке үйреткен. “Анасын көріп қызын ал” деген сөз де қыз тәрбиесінің маңызын айқындайды. Бүгінгі таңда қыз бала жан-жақты болуы керек: білімді, саналы, ұқыпты, отбасылық өмірге де дайын болуы қажет. Себебі, ертеңгі күні жақсы келін, аяулы жар, ардақты ана болу – әрбір қазақ қызының өміріндегі басты міндеттердің бірі.

Алайда қазіргі заманда кейбір қыздар ұлттық тәрбиені ұмытып, жеңіл өмірге әуес болып барады. Бұған ата-ананың немқұрайлы қарауы, қоршаған ортаның ықпалы, әлеуметтік желілер әсер етуі мүмкін. “Қызға қырық үйден тыйым” деп бекер айтпаған, егер қыз бала еркелікке салынып, өзіне жауапкершілік алмаса, оның болашағы бұлыңғыр болуы мүмкін.

Қыз тәрбиесі – бүкіл ұлт тәрбиесі. “Ел болам десең, бесігіңді түзе” дегендей, қыздарды тәрбиелеуге барлығымыз атсалысуымыз қажет. Өйткені, бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ал жақсы ана – бақытты ұрпақтың бастауы.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні,қыз баланы тек білімге ғана емес, ұлттық құндылықтарға да баулу керек. Қызымыз ибалы, ізетті, арлы болса – болашағымыз жарқын болмақ.
Совет Гүлім
11-сынып оқушысы
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше