Болашақты құрудағы қуатты қарудың жүзін қалай қайраймыз?

Ел келешегі – өскелең ұрпақ. Тек оның шын мәнінде болашағымыздың айқын кепілі болуы үшін әрекетті бүгіннен бастаған жөн. Білімді, жаңашылдықты, тың идеялар мен шешімдерді әкелетін, қоғамның ілгеріленуіне, дамуына үлес қосатын жастарды тәрбиелеу оңай іс емес. Осы ретте балаларға арналған басылымдар дүниетанымды қалыптастыруда, ой-өрісін кеңейтуде және балаларды тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын ұмытпау керек. Олар тіл байлығын, әлеуметтік дағдылар мен адамгершілік құндылықтарды дамытуға ықпал етеді. Яғни, болашақты құрудағы қуатты қаруымыз – «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» саналатын газет, журналымыз.
Тек осы қарудың жүзін қайрау үлкен қиындықтарды тудырып отыр. Осыған байланысты назар аударуға және талдауға тұрарлық бірқатар дүниелер бар.
Біріншіден, мазмұн сапасы маңызды. Көптеген балаларға арналған кітаптар, журналдар мен мультфильмдер мазмұнның жоғары стандарттарына сәйкес келе бермейді. Кейбір басылымдарда оқу материалдары жеткіліксіз немесе тіпті арасында балалардың дамуына теріс әсер ететін жағымсыз мінез-құлық үлгілері болуы мүмкін.
Екіншіден, балалар басылымдары әртүрлілікті көрсетуде жиі қиындықтарға тап болады. Олардың көпшілігі теңсіздікті тудырып, балалардың әлем туралы түсінігін бұрмалауы мүмкін. Керісінше енді ғана қалыптасып келе жатқан бүлдіршіндерге арналған материалдарда дүниетанымның, мәдениет пен этикалық құндылықтардың сан алуандығы бейнеленгені дұрыс.
Үшінші мәселе коммерцияландыруға қатысты. Соңғы кездері біраз басылымдар балалардың әл-ауқаты мен дамуына емес, сатылымды арттырып, қаражат жинауды көздейтін стратегиялық бизнес-жоспарлардың жемісінен туындап отыр. Бұл балалардың мүдделері мен қажеттіліктеріне сәйкес келмейтін тауарлар мен қызметтердің шамадан тыс көбеюіне әкеліп соқтырады.
Төртіншісі қаржы мәселесіне келіп тіреледі. Балалар жазушыларының аздығы, олардың еңбегінің тиісінше бағаланбауы, жалақының төмендігі мен қаламақының төленбеуі ауыз толтырып айтарлық көркем шығармалардың өмірге келуін тежеуілдетіп тұрғандай.
Ақырында, технологиялардың басылымдарға әсерін ескеру қажет. Қазіргі әлемде балалар барлық уақытын гаджеттер мен ғаламтордың алдында өткізеді. Бұл дәстүрлі қағаз басылымдарына деген қызығушылықты төмендетіп жатқаны барлығына мәлім. Бір жағынан технологиялар арқылы балаларға арналған контенттің көбейіп келе жатқанын алдыға тартуға болады, әрине. Алайда олардың сапасы мен мазмұны көңіл көншітерлік деп айту қиын. Бұл жерде тағы да балаларға керекті дұрыс тәрбие мен үлгі көрсететін туындылардың саусақпен санарлық екені ойға түседі. Қазақ тіліндегі, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін контенттің аздығы да белгілі. Сол себептен де шет елдік мультхикаялар мен анимациялық роликтерді қарауға тура келеді. Әсіресе енді жетіліп, тілдері шыға бастаған бүлдіршіндерге арналған мультфильмдерді алып қарасаңыз жағаңызды ұстайсыз. Зерттеп қарасаңыз, олардың көбі «сақау тілді», ешқандай да мән-маңызы жоқ, мотивсіз, түрлі ойға қонымсыз фантастикалық бейнелер мен кейіпкерлердің ессіз әрекеттерін көрсететін түсініксіз бейнероликтер. Оны көрген бала да сақауланып, еркелей сөйлеп, ойына келген нәрсені жасайды. Салдары тәрбие мен саналық тұрғыда даму жайы былай тұрсын тілдің кешеуілдеп шығуына алып келеді. Соңғы кездері дәл осындай жағдайлар, анығын айтқанда, бала тілінің ұғынықсыз болып, тіпті мектеп жасына жетсе де еркін сөйлей алмайтындары жиі байқалады. Негізінен 2 жастан асқан шағында бала 300-ден астам сөзді толық айта алуы керек. Бұған ата-ана мән беріп қарамай, еркелік деп қабылдайды. Бірақ бұның астарында үлкен трагедия жатыр. Дәл осы проблемамен күресуде сапалы балалар басылымдарының көбеюі керек.
Тіпті дәстүрлі форматтағы басылымдар оқылмайды деген күннің өзінде оларды заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып өтімді әрі қызықты етіп жеткізу арқылы оларға деген сұранысты арттыру қажет. Газет, журналдардың форматын өзгертіп, электронды кітаптар мен мультимедиялық қосымшаларды интерактивті оқыту мен дамыту жолында пайдалануды ойластырған жөн. Оларды әлі әріп жаттап, әліппемен таныса қоймаған балапандар үшін де қолданысқа енгізу жолдары бар. Дайын туындыларды аудио кітаптарға айналдырып немесе солардың желісімен мультфильмдер мен тағы да басқа материалдарды дайындауға болады. Технологияларды біріктіріп, қолданбалар мен ойындарды әзірлеп оларға оқу мен ойын-сауықтың жаңа түрлерін шығаруды да ойластыру қажет секілді.
Бұл мәселелерді шешу баспалардың, авторлардың, ата-аналар мен оқу орындарының бірлескен күш-жігерін қажет етеді. Бастысы жан-жақты мазмұнды жасап, балалар басылымдарының маркетингінде этикалық стандарттарды сақтау, оқу процестерін жақсарту үшін инновациялық технологияларды белсенді енгізуге назар аудару керек. Тек осылай ғана балалар басылымдары арқылы болашақ ұрпақтың салауатты дамуы мен өсуін қамтамасыз ете аламыз.
Сонымен қатар, білім беру іс-шараларын, оқулар мен пікірталастарды ұйымдастыру балаларға арналған басылымдардың таралуына ықпал етіп, кітап оқуға деген сүйіспеншілікті оятуы мүмкін. Одан бөлек балаларға арналған мазмұнға әр бала өзі үшін қызықты нәрсе таба алатындай әртүрлі жанрлар мен тақырыптарды ұсыну керек. Мысалы: шытырман оқиғалар, қиял-ғажайып туындылар, ғылым, өнер, спорт және тағы басқалар болуы мүмкін. Қызықтыру үшін аниме, комикстар секілді форматтарды да алуға болады.
Отандық журналдар мен кітаптарды оқуға құлшыныстың болмайтын себептердің тағы бірі – мұқабалардың көз қызығарлықтай тартымды етіліп жасалуына көңіл бөлмеу. Қай журналды алып қарасаң да сыртқы беттері іш пыстырарлық, сұрықсыз жасалған. Шет елдік сәнді, эстетикалық көріністегі әдемі суреттері бар журналдардан шабыт алып, неге біздің де газет-журналдардың бет-бейнесін бірегей дизайнмен құрастырып, сәндеп қоймасқа? Әсіресе балалар сыртындағы алуан түрлі жарқын суреттерге қарай отырып, ішіндегі қазынасын ақтаруға асығатын болар.
Балалар басылымдарының дамуының шегеріліп, жол ортада тоқтап қалуының бұдан да басқа себептері болуы мүмкін. Ол мәселені шешу әзірге уақыт еншісі мен қоғам санасының деңгейіне байланысты. Бұл айтылған олқылықтарды бір-ақ күнде шешу қолдан келмес. Десек те кемелді келешек пен алаңсыз өмірдің қамы үшін ең алдымен балаларға арналған басылымдардың маңызын ұмытпағанымыз дұрыс. Елдің тағдырына алаң болсақ, қаруымызды сақадай сай етіп, қайрап қою қажет. Тек қаруды сайлау – ұлтқа адал қызмет ететін салиқалы ұрпақ дайындау екендігін ұмытпайық!
Мөлдір Мандыбекқызы