Домбыра

Домбыра
«Нағыз қазақ-қазақ емес, нағыз қазақ-домбыра!»
Жеткізерсің бар ғажапты, болса-дағы дабыра.
Қыл кесердей сөзден асыл күйімен
Жаралайтын, емдейтін де домбыра.
Бабам әні, бабам жыры болғансың,
Әр заманда биік тұғыр боларсың.
Кеудеңе бір мұң мен зарды жиып ап
Қолыма алсам, күмбір етіп туларсың.
Дүрілдейсің, дүбірлейсің, асылым,
Тұнған өнер, жан жолдасым, батырым.
Үнің тәтті, керек болса ең ащы,
Шер төгісіп, сырласатын жақыным.
Бабамдайсың, атамдайсың ардақты,
Ән салдырып, шырқатасың жан-жақты.
Ұранысың, ұлысысың халқымның
Ұқсатамын сені Абайға салмақты.
Жыр бастауы, жыр атасы өзіңсің,
Сенсіз өмір қаралы күн, білсең шын.
Қара түнді жарық етер сен дағы,
Жарық күнді құлазытар өзіңсің!

Мөлдір Мандыбекқызы