Жастарға бар мүмкіндік жасалуда: жауапкершілік жүгін сезіну маңызды

Жақында елордада өткен «Жаңа адамдар» форумында Қазақстан Президенті жастарға үлкен сенім артып, олардың дамуы үшін барлық жағдай жасалып жатқанын айтты. Шын мәнінде, қазіргі қоғамда білім алуға, кәсіп бастауға, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік мол. Мемлекет жастарға арналған түрлі бағдарламаларды ұсынып, олардың қабілетін шыңдауға жағдай жасауда. Алайда осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану – әр жастың өз қолында.

«Жас келсе – іске» демекші, бүгінгі буын тек дайын мүмкіндіктерге үміт артып қана қоймай, өздігінен ізденіп, еңбек етуі керек. Қазақта «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөз бар. Яғни, жастарға ұсынылған қолдауларды дұрыс пайдаланып, табысты болу – олардың өз белсенділігіне байланысты. Білімді жастар ғана қоғамды алға сүйрейді, ал бұл ел болашағы үшін аса маңызды.

Сонымен қатар, «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дегендей, бүгінгі жастардың басты қаруы – білім. Мемлекет шетелде оқу, ғылыми жобаларға қатысу, стартаптарды дамыту сияқты бағыттарды қолдауда. Мұндай мүмкіндіктердің барын біле тұра, оларды пайдаланбау – өзіңе жасалған қиянат.

Әрине, тек мемлекеттің қолдауына ғана арқа сүйеп отыру дұрыс емес. «Талаптыға нұр жауар» дегендей, әр адам өз мақсатын айқындап, соған жету үшін тынымсыз еңбектенуі қажет. Себебі берілген мүмкіндікке сүйеніп, әрекет етпесек, оның да құны болмайды.

Қорытындылай келе, жастарға барлық жағдай жасалғанымен, оның нәтижесі әркімнің өз жауапкершілігі мен еңбегіне байланысты. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп Абай айтқандай, бүгінде жастарға сенім артылып отыр, ал сол сенімді ақтау – олардың өз қолында.

Совет Гүлім
11-сынып оқушысы