Университет дипломы – құнды ма, әлде қағаз ғана ма?

Қоғамда “дипломсыз адам – болашағы жоқ адам” деген түсінік қалыптасқан. Бірақ бұл қаншалықты шындық? Университет дипломы табысты болудың кепілі ме, әлде тек сөреге қойылатын қағаз ғана ма?

Бүгінде көп жұмыс берушілер тәжірибеге көбірек мән береді. Кәсібилік пен біліктілік қағазға емес, адамның қабілетіне байланысты емес пе? Әлемдегі ең табысты адамдардың біразы дипломсыз-ақ жетістікке жетті. Ендеше, білім маңызды ма, әлде оны дәлелдейтін құжат па?

Қазақта «Оқыған – озады» деген сөз бар. Бірақ бұл білім алу міндетті түрде университет қабырғасымен шектелуі керек дегенді білдіре ме? Кімде-кім өмір бойы үйренуден жалықпаса, сол шын мәнінде білімді емес пе? Ал диплом тек бір кезеңнің аяқталғанын білдіретін ресми құжат қана емес пе?

Дегенмен, дипломды мүлде жоққа шығаруға да болмайды. Кейбір салаларда онсыз жұмыс істеу мүмкін емес. Дәрігер, мұғалім, инженер сияқты мамандықтарда ресми білім алу маңызды. Бірақ мәселе басқа – диплом алған адамның барлығы білікті маман бола ма? Әлде оқу орнын бітіргенмен, өмірде өз орнын таба алмай жүргендер де көп пе?

Университет дипломы – құнды. Бірақ оның шынайы құндылығы оны ұстаушы адамның білімі мен қабілетіне байланысты. Дипломды шын біліммен ұштастырсаң – ол болашағыңның кілті, ал егер тек қағаз үшін оқысаң – онда ол сөреге қойылатын бір парақ қана. Ендеше, маңыздысы – диплом ба, әлде нағыз білім бе? Бұл сұрақтың жауабы әркімнің өз қолында.

Совет Гүлім
11-сынып оқушысы