Ақылды адамдар неге көбірек уайымдайды?

Адам неғұрлым көп білсе, соғұрлым көбірек ойлап, уайымдай ма? Әлде бұл жай ғана кездейсоқтық па? Неге кейбір адамдар өмірді жеңіл қабылдап, кез келген жағдайға бей-жай қараса, ал басқалары үнемі терең ой үстінде жүреді? Бұл олардың ақыл деңгейіне байланысты болуы мүмкін бе?

“Ақылды адам – уайымшыл адам” деген түсінік бекерден-бекер айтылмаған. Себебі ақылды адамдар кез келген мәселені жан-жақты ойлап, оның салдары қандай болатынын алдын ала бағамдайды. Олардың санасы тек бүгінмен ғана шектелмей, болашаққа көз жүгіртеді. Олар кез келген жағдайдың түрлі қырларын көре алады, мүмкіндіктермен қатар қауіп-қатерді де түсінеді. “Көп білетіннің уайымы көп” деген мақал да осыны растайды.

Сонымен қатар, ақылды адамдар көбінесе идеалист болады. Олар әлемді, қоғамды, өз ортасын жақсартқысы келеді. Бірақ шындық олардың күткенінен басқаша болған кезде, көңілі қалып, мазасыздыққа беріледі. Олар әділетсіздікке, білімсіздікке, жауапсыздыққа бей-жай қарай алмайды. Мұның бәрі олардың ішкі күйзелісін күшейтеді.

Бірақ уайым әрдайым жаман нәрсе ме? Әлде ол адамның саналы өмір сүруінің бір белгісі ме? Шын мәнінде, уайым – әлсіздіктің емес, керісінше, терең ойдың, жауапкершіліктің және үлкен сананың көрінісі. Ақылды адам уайымға беріле бермей, оны дұрыс арнаға бұрып, шешім қабылдауға, өз өмірін жақсартуға пайдаланса, бұл оның жетістікке жетуіне септігін тигізеді. Демек, уайым – ақылды адамның серігі, бірақ оны жеңе білу – шынайы кемеңгерліктің белгісі.
Совет Гүлім
11-сынып оқушысы