ТІЛ МӘРТЕБЕСІ

«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді.»,-деген Ғабит Мүсіреповтің сөзі бар.Тіл-еліміздің алтын діңгегі, ұлтымыздың асыл қазынасы.Кез келген тілді еркін меңгерсең, сол мемлекет есігінің тұтқасын ұстағанмен тең боласың.Демек, егемендігіміздің басты нышаны-ана тіліміз.

Тіл мәселесі қай кезде де өзектілігін жоғалтпаған.Сонау тағылым заманнан бері зиялыларымыз да тіл мәселесін қозғап жүр.Оған дәлел 20 ғасырдың бірінші жартысында қазақты ояту, көзін ашу мақсатында жарық көрген газеттер мен мақалалар.Атап айтар болсақ, 1988-1902 жж жарық көрген «Дала уәлаяты» газеті, 1911-1915 жж жарық көрген «Айқап» журналы, 1913-1918 жж жарық көрген «Қазақ» газеті және т.б.Зиялылар қазақтардың рухын көтеретін жол-баспасөз екенін түсіне бастады.Осылайша сол жылдары біраз қазақ ілім-ғылым танып, сауат аша бастады.Дегенмен, сол кездегі саясат бұл қуанышты ұзаққа апармады.Қазақ мектептері жабылып, бірқатар қазақ тілінде басылып шыққан кітаптар сөрелерден алына бастады.Елдің бәрі орыс тілінде біліп, сөйлеуге мәжбүр болды.Онсыз күн көре алмайтын дәрежеге дейін жетті.Күн көрістің қамын ойлаған қазақ тілін сындырып, өзге тілді меңгерді.Сол кезеңнің салдары бүгін де көрініс табады.Екінің бірі қазақ тілін шұбарлап, өзге тілде сөйлейді.Қазақстанда туылып, ұлты қазақ болғанмен, жүрегі «қазақ» деп соқпайды.Тіпті, қазақша білсе де, сөйлеуге ұялып, өзге тілде сайрап жүрген азаматтар да жетерлік.«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»,-деп халқымыз айтып кеткендей, басқа тілде шұбарламай, өз тілімізді меңгеруіміз қажет.Бұл тек қазақ тілін біліп, басқа тілдерден мақрұм қалу деген сөз емес.Ең басты орынға өз ана тіліңді қою.

«Анамыздың ақ сүтімен дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамыздың тарихын ұмыту. Ұлттың рухы халықтың өзіндік санасының бір бөлігі болып табылатын мыңдаған жылдық дәстүрге, құндылықтар мен мәдениетке, тілге сүйенеді. Осы тіл, дәстүрлі құндылықтар мен қайталанбас төл мәдениетіміз халыққа жүздеген жылдар бойы демеу болып, оны тарих жолында тарап кетуден сақтап қалды», -деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, өз тілімізден асқан тіл жоқ.Ата-бабамыздың аманатын абыроймен арқалап, тілімізді еш қалтқысыз ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу біздің азаматтық борышымыз.

Өтесбай Фариза

Қазақстан. Кеше. Бүгін. Ертең

Қазақстан — қазіргі таңда тәуелсіз мемлекеттердің қатарынан екені баршамызға мәлім. Толығырақ, ешкімге, ештеңеге бағынбайтын, өзіндік Ата заңы мен ережелері бар, өзіндік салт-дәстүрімен, әдеп-ғұрыпымен, наным-сенімімен, ең бастысы — ақкөңіл де қонақжай «қазақ» халқымен басқа елдерден ерекшеленетін бөлек, дара елміз.
Кеше. Бүгінгі көріп жатқан күніміз, ашық аспанымыз әрине, біздің арғы ата-бабаларымыздың арқасы екенін ұмытпауымыз керек. Негізінен, қазіргі күнге дейін жетуіміздің өзі — үлкен жетістік десем мүлде қателеспеспін. Қазақ халқының қасиетті тарихы керемет қой, шіркін! Әр қазақ баласы өз халқының тарихын білуі міндетті. Сол кезде ойларыңызға түбінде қандай астарлы терең ой-пікірлер келіп, қалыптасып, қазіргі көріп жатқан күнімізге қол жеткізу үшін қаншама тер төгіліп, еңбек етіліп, қаншама қан-төгістер орын алған екенін бірден-ақ түсінуге болатынына куә боласыздар.
Бүгін. Жеке өз пікірім бойынша, дәл бүгінгі күні қазақ жастарымыз екі ұстаныммен өмір сүреді. Бірінші ұстаным: “«қазақ» деген атымыз бар ма, сол атқа сай болып, халқымыздың абыройын асқақтатып, барша әлемге қазақтың ұлттық болсын, рухани құндылықтарын танымал етіп, жалпы ана тілімізді, оның өзіндік ерекшеліктерін құрметтеп, сыйлап, «қазақ» атын барынша көтермелеу.”Екінші ұстаным: “ Қазір XXI ғасыр болғандықтан, әлем бойынша жаһандану үрдісі жүруде. Оның ішінде біздің ел де бар. Жаңа Қазақстан. Жаңа қоғам. Заманауи ұстаным. Жеке өмір. Әр адам өзі үшін шешім қабылдауға толықтай құқылы. Біз — жастар, кешегі күнмен өмір сүріп, өтіп кеткен оқиғаларды елемей, ескіріп келе жатқан, өзектілігін күннен күнге жоғалтып бара жатқан қазақтың дәстүрлеріне қатты көңіл аудармайтын жастармыз.” Міне, дәл осындай екі қағиданы ұстанатын, әр адам өзіндікін дұрыс деп санайтын жастарымыз аз емес. Мен өз басым бірінші ұстаныммен жүріп, алға жоспар құруды көздеймін. Өкінішке орай, заманауи қоғамда екінші ұстаныммен күн кешетін қазақ жастарының саны шыны керек, күннен күнге артып жатыр. Жеке менің ойым бойынша, екінші қағиданы ұстанатын қазақ жастары «қазақ» атына кір келтіреді. Бұл қағиданы ұстанатын адамдарға көңілім толмайтыны рас. Алайда, әлі де кеш емес. Өз ойларын өзгертіп, қазақ елінің болашағына үлкен үлес қосуға әлі де мүмкіндіктері бар екені қуантады.
Ертең. «Еліміздің болашағы — жастардың қолында» демекші, жоғарыда айта кеткен пікірлерімді негізге ала отырып, заманауи қоғамдағы өзекті мәселенің шешімін таппасқа болмайды деген түйінге келдім. Халқымыздың қасиетті тарихының құны, ұлттық құндылықтарымыздың құны күннен күнге жоғалуы өкінішті-ақ. Еліміздің болашағы жарқын болуы үшін көптеген іс тындырып, қажетті шараларды қолдануымыз қажет. «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген ұстаныммен бірігіп, бір бүтін жиын болып, қолымыздан барлығы келетінін дәлелдеуге керемет мүмкіндік туып тұр. Мағжан Жұмабаев атамыз айтып кеткендей «Мен жастарға сенемін». Сондықтан Мағжан атамыз сияқты қазақ зиялыларымыздың үмітін ақтауымыз — ең басты міндеттеріміздің бірі.
Кеше, бүгін болсын, ертең болсын еліміз сол бір Қазақстан болып қала береді. Болашақта халқымыздың ұлттық құндылықтарын жоғары көтермелейтін, бір сөзбен айтқанда өз халқын құрметтейтін қазақ жастарымыз көбейе берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Султанова Индира

Мемлекеттік тілдің бүгінгі таңдағы деңгейі

Тіл-мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі.Тілсіз өз ұлтымызды елестету де мүмкін емес. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі.Қазақ елі тәуелсіз мемлекет болып қалыптасқаннан бері мемлекеттік тіл- қазақ тілі деп бекітілді.Осыған байланысты Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақтың болашағы-қазақ тілінде»,-деп өз пікірін айтқан болатын.
Ал қазір мемлекеттік тіліміздің деңгейі қандай соған тоқталсақ.Мемлекеттік тілдің деңгейі қуантарлық емес, бұл бәрімізге мәлім.Күнделікті өмірде де қазақ тілінің құндылығы төмендеп бара жатқаны рас.Бұны қазіргі заманның ауқымды мәселесі деп алсақ та болады.Неге?
Себебі, Ахмет Байтұрсынов атамыз «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»,-дейді.Яғни, біз тілімізді жоғалта бастасақ өз ұлтымызды да жоғалтуымыз әбден мүмкін.Ал бұл екеуі жоғалса, болашағымызды елестету тіптен қиын.Сондықтан бұл тақырып бәрімізге қатысты қоғамдық мәселе.Осы тұрғыда көп адамның пікірін сұрап көрдім, бәрі де «өз тіліміздің деңгейін жоғарлатсақ»,-дейді.Алайда біз оны іс-жүзінде жүзеге асыра алмай жатырмыз, себебі біз күнделікті өмірде таза қазақ тілінде сөйлемейміз.Тілімізді құрметтемегеннен кейін оны ешкімге дәріптейде алмаймыз, сөйтіп келіп тілдің құндылығын жоғалтамыз.Міне, сондықтан бәрін өзімізден бастауымыз қажет.
Қорыта келе, тілімізді құрметтеп, өз тілімізде еркін сөйлеп үйренсек тіліміздің деңгейін жақсартуға үлесімізді қосамыз деген пікір білдіргім келеді.Өз тілімізді меңгермей жатып, өзге тілді дамытқанымыз дұрыс болмас.Сондықтан тілдің деңгейін жақсартуға бәріміз атсалысайық дегім келеді.Тілдің сақталғаны ұлттың да сақталғаны.Болашақ журналист ретінде осындай қоғамдық мәселені қозғағанды жөн көрдім.

Космополит әрі маргиналды Сталин

Космополит адамнан артық қауіпті адам жоқ деп ойлаймын. Себебі оның зияны күллі ұлтқа тиеді. Өзінің ұлтын жарытып сүймеген адам, өзге ұлтты да шынайы сүйе алады деп айту қиын.

1920 жылы американдық социолог Р. Парк жаңа тұрмыс қалпына бейімделуге мәжбүр кірме иммигранттардың мәдени мәртебесі мен сана-сезімін белгілеу үшін «Маргиналды тұлға» деген ұғым ұсынған. Бұған корсикалық бола тұра, французға сіңіп кеткен Наполеон Бонапарт, австриялық бола тұра, неміс ұлтшылы атанған Гитлер, грузин бола тұра орыстанып кеткен Сталин жатады.

Мысалы, Сталин өзін орыстық рухқа шынайы берілген адам ретінде көрсету үшін, көп ұлттың тіліне, салт-санасына зиян келтірді. Сталин билік басында болғанда әрбір сегізінші грузин атылды, қамалды, айдалды. Тіпті барлық мүмкіндігі бола тұра туған анасының жерлеуіне де бармады.

Сталин саналы ғұмырында орысша білім, орысша тәрбие алды. Орысша ойлады, орысша өмір сүрді. Енді қазақ тілінде сөйлеу, ойлау, жазудың маңызын түсіндіңіз бе? Ұлттық тіл қандағы рухты, гендегі ақпаратты оятатынын түсінетін уақытымыз жетті…