Біз шын мәнінде тәуелсізбіз бе?

«Тәуелсіз елміз» деп мақтанамыз. Расында, шекарамыз бекітілді, заңымыз қабылданды, рәміздеріміз айшықталды. Бірақ тәуелсіздік деген тек қағаздағы статус емес, ол – күн сайын дәлелдеуді талап ететін ұлы ұғым. Бізге сыртқы күштердің ықпалы жоқ па? Экономикамыз өз қолымызда ма? Ақпараттық кеңістігіміз қаншалықты еркін? Осы сұрақтардың жауабы біздің шын мәніндегі тәуелсіздігімізді растайды.

Тәуелсіздік – саяси ғана емес, экономикалық, ақпараттық және рухани құбылыс. Саяси тұрғыда біз өз алдымызға мемлекет құрдық. Бірақ сыртқы күштердің ықпалы әлі де бар. «Қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды» демекші, кейбір елдер бізді әлі өз ықпалында ұстауға тырысады. Біз сыртқы саясатта толық дербес шешім қабылдай аламыз ба? Әлде белгілі бір алпауыт мемлекеттердің саяси ойындарына бейімделуге мәжбүрміз бе?

Экономикалық тәуелсіздік те өзекті. Өндірісіміз әлсіз, шетелдік тауарларға тәуелдіміз. Егер бір елден келетін импорт тоқтап қалса, ішкі нарық күйзеліске түспей ме? «Өзіңдікі өзекке теппес» дейді халық. Бірақ біз өз өнімімізді қолдап, оны дамытуға қаншалықты үлес қосып жүрміз? Шикізат экспорттаған ел байымайды. Байлық – өндірісте, технологияда, инновацияда.

Ақпараттық тәуелсіздік те маңызды. Қазір ақпарат – ең қуатты қару. Жастар қандай кино көреді, қандай кітап оқиды, қандай жаңалықтарға сенеді? Егер олар тек шетелдік мәдениетті тұтынса, ертең қандай болмыста қалыптасады? «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дейді қазақ. Бірақ біздің ақпараттық кеңістігіміздің тілі қайсы? Қазақтілді БАҚ-тың ықпалы қаншалықты жоғары? Көп жағдайда біз өзімізге қажет шындықты емес, бізге көрсеткісі келген дүниені ғана қабылдаймыз.

Рухани тәуелсіздіксіз тәуелсіздік толық болмайды. Ұлттық болмысымызды сақтап отырмыз ба? Қазақ тілі, дәстүрі, салты, әдет-ғұрпы қандай күйде? «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді халық даналығы. Бірақ біз өз елімізде өзімізді толықтай «сұлтан» сезіне аламыз ба? Егер қазақ тілі күнделікті өміріміздің толыққанды тіліне айналмаса, егер жастар өз ұлтының мәдениетінен алыстаса, онда рухани тәуелсіздік туралы айту қиын.

Шынайы тәуелсіздік – мемлекеттің өз тағдырын өзі шешуі ғана емес, әр азаматтың өз ұлтына, өз болашағына жауапкершілікпен қарауы. «Жұмылған жұдырықтай» бірікпей, сырттан келетін қауіп-қатерлерге төтеп беру мүмкін емес. Ендеше, біз шын мәнінде тәуелсізбіз бе? Бұл сұрақтың жауабы – біздің өзіміздің кім екенімізді, қайда бара жатқанымызды, қандай қоғам құрып жатқанымызды түсінуімізде. Тәуелсіздік – бір рет алынатын дүние емес, күн сайын дәлелдеуді талап ететін қасиетті құндылық.

Совет Гүлім
11-сынып оқушысы

Алысқа көз тастатқан бостандық

Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Яғни бабаларымыздың жанымен шекара сызығы белгіленген еліміз Мағжан сенген жастардың қолында. Және сөзсіз жастарымыздың елді дамытуы міндетті.
Мен қазіргі таңда «Аласапыранды» оқып жатырмын.
Оқиға шамамен 1590-1600 жылдар шамасында болып жатыр.
Осы жылдары әлемде не болып жатыр еді?
1590 жылы микроскоп жасалды. 1592 жылы Шекспирдің «Ромео мен Джульетта»-сы жары көрді. 1600 жылы Еуропада 80 мыңнан көп тұрғыны бар 9 қала болды. Сол кездің өзінде Лондон, Париж де қалалық өркениет дамып кеткен еді. Осы кезде қалаларда театрлар ашылып пьесалар қойылып, опералар айтылып жатты. Англиялық физик Уильям Гилберттің «Магнит, магниттік денелер және Жер – үлкен магнит…» деген ғылыми еңбегі жарық көрді. Сол кезде электр ғылымының атасы атанып үлгерді.
Ал біз не істеп жүрдік?
Билікте Тәуекел хан. Әскеріміз әлі садақпен атысып жүр. Шығармада (Аласапыран) мылтықты тамсана суреттейді. Сондай бір қару бар екен жай отын қолға бағындырған. Алты қабат матаны да тесіп өтеді екен. Ол тисе басың ұшып кеткенін де сезбей қатады екенің. Ол орыс дейтін ұлтта бар көрінеді. Соған жетуіміз керек дейді.
Біз әлі көпшеліміз. Жәй көшпелі емес хандығымызбен бірге қазақ даласын арлы берлі көшеміз. Қыс болса Сыр мен Шу өзенінің бойын жағалай келіп қыстаймыз. Көктем шығып қар етегі сөгіле Есіл, Ертіс, Нұраның бойына қарай көшеміз. Бүгінгімен айтсаң қыста Тараз бен Қызылордада қыстап, көктем шыға Қостанай, Астана, Павлодарға көшеміз. Бір екі үй емес. Руымен, ел болып көшеміз.
Мееің айтқым келгені, Еуропа жақсы, біз жаманбыз деген сөз емес. Бір материкте тұрып параллельді әлемде өмір сүргендейміз. Біз дала өркениетімен өмір сүріп жаттық. Өз сән салтанатымызбен, өз білім биігімізде болды.
Алайда, сол дәуірден қазіргідей кезеңге жету – оңай іс емес. Міне, бүгін еліміз тәуелсіз мемлекет ретінде жаңа өмір салтына қызмет ете бастады. Ғасырлар бойғы халықтың арман, мақсаты орындалды, ата — баба алдындағы парызы өтелді. Дүниежүзілік ірі ұйымдарға мүшелікке қабылданып, ерекше қарқынмен дамып келеміз. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы өзінің елдігін ынтымақ пен бірліктің арқасында сақтай білді. Атам қазақ қиындықтың артынан жақсылық келеді деп бекер айтпаған. Елбасымыздың арқасында дүниежүзіне үлгі боларлықтай мемлекет дәрежесіне жетті. Жүз отыз алты ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында жиналуы да кездейсоқ емес. Асан қайғының Желмаясына мініп, іздеген Жерұйығы осы тәуелсіз Қазақстан мемлекеті.