Қазақстан. Кеше. Бүгін. Ертең

Қазақстан — қазіргі таңда тәуелсіз мемлекеттердің қатарынан екені баршамызға мәлім. Толығырақ, ешкімге, ештеңеге бағынбайтын, өзіндік Ата заңы мен ережелері бар, өзіндік салт-дәстүрімен, әдеп-ғұрыпымен, наным-сенімімен, ең бастысы — ақкөңіл де қонақжай «қазақ» халқымен басқа елдерден ерекшеленетін бөлек, дара елміз.
Кеше. Бүгінгі көріп жатқан күніміз, ашық аспанымыз әрине, біздің арғы ата-бабаларымыздың арқасы екенін ұмытпауымыз керек. Негізінен, қазіргі күнге дейін жетуіміздің өзі — үлкен жетістік десем мүлде қателеспеспін. Қазақ халқының қасиетті тарихы керемет қой, шіркін! Әр қазақ баласы өз халқының тарихын білуі міндетті. Сол кезде ойларыңызға түбінде қандай астарлы терең ой-пікірлер келіп, қалыптасып, қазіргі көріп жатқан күнімізге қол жеткізу үшін қаншама тер төгіліп, еңбек етіліп, қаншама қан-төгістер орын алған екенін бірден-ақ түсінуге болатынына куә боласыздар.
Бүгін. Жеке өз пікірім бойынша, дәл бүгінгі күні қазақ жастарымыз екі ұстаныммен өмір сүреді. Бірінші ұстаным: “«қазақ» деген атымыз бар ма, сол атқа сай болып, халқымыздың абыройын асқақтатып, барша әлемге қазақтың ұлттық болсын, рухани құндылықтарын танымал етіп, жалпы ана тілімізді, оның өзіндік ерекшеліктерін құрметтеп, сыйлап, «қазақ» атын барынша көтермелеу.”Екінші ұстаным: “ Қазір XXI ғасыр болғандықтан, әлем бойынша жаһандану үрдісі жүруде. Оның ішінде біздің ел де бар. Жаңа Қазақстан. Жаңа қоғам. Заманауи ұстаным. Жеке өмір. Әр адам өзі үшін шешім қабылдауға толықтай құқылы. Біз — жастар, кешегі күнмен өмір сүріп, өтіп кеткен оқиғаларды елемей, ескіріп келе жатқан, өзектілігін күннен күнге жоғалтып бара жатқан қазақтың дәстүрлеріне қатты көңіл аудармайтын жастармыз.” Міне, дәл осындай екі қағиданы ұстанатын, әр адам өзіндікін дұрыс деп санайтын жастарымыз аз емес. Мен өз басым бірінші ұстаныммен жүріп, алға жоспар құруды көздеймін. Өкінішке орай, заманауи қоғамда екінші ұстаныммен күн кешетін қазақ жастарының саны шыны керек, күннен күнге артып жатыр. Жеке менің ойым бойынша, екінші қағиданы ұстанатын қазақ жастары «қазақ» атына кір келтіреді. Бұл қағиданы ұстанатын адамдарға көңілім толмайтыны рас. Алайда, әлі де кеш емес. Өз ойларын өзгертіп, қазақ елінің болашағына үлкен үлес қосуға әлі де мүмкіндіктері бар екені қуантады.
Ертең. «Еліміздің болашағы — жастардың қолында» демекші, жоғарыда айта кеткен пікірлерімді негізге ала отырып, заманауи қоғамдағы өзекті мәселенің шешімін таппасқа болмайды деген түйінге келдім. Халқымыздың қасиетті тарихының құны, ұлттық құндылықтарымыздың құны күннен күнге жоғалуы өкінішті-ақ. Еліміздің болашағы жарқын болуы үшін көптеген іс тындырып, қажетті шараларды қолдануымыз қажет. «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген ұстаныммен бірігіп, бір бүтін жиын болып, қолымыздан барлығы келетінін дәлелдеуге керемет мүмкіндік туып тұр. Мағжан Жұмабаев атамыз айтып кеткендей «Мен жастарға сенемін». Сондықтан Мағжан атамыз сияқты қазақ зиялыларымыздың үмітін ақтауымыз — ең басты міндеттеріміздің бірі.
Кеше, бүгін болсын, ертең болсын еліміз сол бір Қазақстан болып қала береді. Болашақта халқымыздың ұлттық құндылықтарын жоғары көтермелейтін, бір сөзбен айтқанда өз халқын құрметтейтін қазақ жастарымыз көбейе берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Султанова Индира

Жастар арасында қылмыс өршіп тұр

Қоғамдағы ең өзекті мәселе-жастар арасындағы қылмыс.Қанша жерден Қазақстан дамыған ел ретінде қалыптасса да, жастар арасындағы заң бұзушылық факторлардың саны еліміздің дәрежесіне нұқсан келтіріп тұр.Жыл сайын қылмыстық істердің өршіп, көбеюі қуантарлық жағдай емес.Керісінше қоғамды алаңдататын, шешімі табылуы тиіс ауқымды мәселе.Осыған байланысты жастар арасындағы қылмыстық істердің 2 жылдық статистикалық мәліметтері жұртшылыққа ұсынылды.

Ұрлық, алаяқтық, бұзақылық санаттарының ішінде ең жоғарғы көрсеткішті алаяқтық құрайды.Оның 2015 жылғы көрсеткіші бойынша 22638 іс қозғалған болса,2016 жылы бұл нәтиже 57,1%-ға өсіп,35553 істі құрады.Алаяқтықтың негізгі себептері психологтардың және жоғарғы орган қызметкерлерінің ойынша,әлеуметтік желідегі баланың қалыптасып жатқан санасына тікелей байланысты.Жасөспірімдердің ақпаратты қабылдау қасиеті өте жоғары дамыған, сол себепті олардың теріс әрекетке бейімделуі тез жүзеге асады.Қылмыскерлердің көпшілігі тәрбиенің, бақылаудың жоқтығынан ерте бастан алаяқтық секілді жат қылықтарға еліктейді. Әлеуметтік желілердегі теріс ағымдағы видеолар, хабарламалар, сан түрлі топтар арқылы көрген-білгенін жасап қылмыстық элементтермен байланыс орнатады.

Екінші және үшінші орында статистика бойынша ұрлық және бұзақылық тұр.Ұрлық бір жыл ішінде 17,8 %-ға өскен болса, бұзақылық 72,6%-ды құрап отыр.Екі фактор бойынша қылмыстық істің саны жалпы 210204 және 29989.Бұл көрсеткіштер қоғамдағы жағдайды жақсарта қоймайды.Уақыт өткен сайын қылмыстық істердің артуы бүкіл халықтық әрі жаһандық мәселе ретінде қарастырылуда.Ұрлықтың орын алуы-көптің айтуынша отбасыдағы қаражаттың жетіспеушілігінен туындап отырған жағдай.Балаға керек-жарақты жеткізе алмаған соң, ол теріс іс арқылы оңай олжаға қол жеткізуді көздейді.Жас жеткіншектер оның тигізер зардаптарына мән бермейді, ойға да алмайды.Ал, бұзақылық ісі қай кезде болмасын ең бір өршіп тұрған өзекті тақырып.Әсіресе,қазіргі заманда оның орын алуы өте жиі кездеседі.Жасөспірімдік кезеңдегі адам мінезі,өзгелермен қарым-қатынас, дұрыс тәрбиенің берілмеуі, кемсітулер және қорқытушылық сияқты факторлар салдарынан бұзақылықтың орын алуы күн сайын артуда.

Бұл қылмыстық істердің жастар арасында өршуіне себеп-қоғам және әлует тәрбиесі.Халық арасында орын алып жатырған теріс істер жастардың осындай қылмыс жасауларына түрткі болып отыр.Өркениетті елдің болашағын тізгіндейтін бүгінгі жасөспірімдер болғандықтан, олардың тәрбиесі басты назарда болуы тиіс.Қазіргі уақытта жасөспірімдерге, жастарға деген көзқарас,әсіресе құқық бұзушылықтың алдын алу, оны туғызатын себептер мен шарттарды жою секілді алғышартты қадамдар жүргізілуі тиіс. Өйткені,қылмыс дегеніміз – әлеуметтік дерт, ал жасөспірімдердің қылмыс жасауы салғырт қарайтын зат емес.Сондықтан бұл мәселені жабулы қазан күйінде қалдырмауымыз қажет.