Қазақ киносы жаңа деңгейде

Елімізде кино саласы қарқынды дамып келеді. Ай сайын жаңа сапалы дүниелер көрермен назарына жол тартуда. Халықтың талғамы өсті ме? Отандық фильмдердің сапасы бұрынғыдан әлдеқайда жоғары, жақсы.
Өзім фильмдерді көп көре бермеймін. Алайда, жақында жарық көрген “Ұялам, но үй алам” атты отандық фильмге жол түсіп, тамашалап қайтқаным бар.
Фильм туралы. Түсінген жанға ондағы көтерілген мәселе, өте күрделі. Қазіргі жас отбасылардың үй алу үшін көптеген қадамдарға баратынын ашып көрсеткен. Фильмнің авторлары, актёрлары әзіл саласында жүрген азаматтар болғандықтан, әзілмен шымшып, айтқысы келген ойды орынды жеткізе білді. Көріп отырып, бір күлесің, бірде ойланып қаласың, бір қарасаң көңіл күйің түскендей болады. Ол авторлардың тапқырлығы, алғырлығы десек болатындай.

Фильмдегі мәселе тек үй алумен шектелмейді. Отбасылық құндылықтарды көрсетіп, көріп отырған көрерменге соларды ұғындыру мақсат болған секілді.
Мәселе тек үйде емес. Сол үйді алуға жастардың шама-шарқының жетіспеуінде. Жастарға төленетін айлық пен үйлердің бағасы жер мен көктей. Жас отбасыларға пәтер беретін бағдарламалар бар, әрине. Бірақ ол қалай жұмыс жасайды. Сол бағдарлама мен үй алуға болады ма? Әлде жасы келгенше кезек күтіп отырады ма? Алдымен осы сұраққа жауап тауып алған орынды деп ойлаймын.

ӨМІР АЙНАСЫНА СЫЗАТ ТҮСІРГЕН ЖАСТАР

Отандық кино жылдан жылға дамып келеді. Кино сүйер қауымның оң бағасын алған фильмдер көп. Соның бірі — танымал режиссер Рашид Сүлейменовтың “Айналар” фильмі.

2019 жылы үлкен экранға жол тартты. Фильмде танымал актерлар, мысалы Аян Өтепберген, Азамат Ашмақын, Баян Алагузова сынды өнер иелері бой көрсетті.

Фильмнің сюжетіне аз-кем тоқталайын, бірақ спойлер жасамаймын.

Бұл фильм қоғамның ащы шындығын көрсеткен. Жұмыссыздықтың әсерінен ұрлыққа түсіп, нәпақасын табу үшін қисық жолды таңдаған жастардың өмірі көрініс табады.

Мәнерлеп сырғанушы Денис Теннің өлімі кімнің есінде? Бұл фильмде де дәл сол сюжет. Машинаның айнасына ұрлыққа түскен жастар абайсызда көлік иесін өлтіріп алады. Ендігі олардың әрекеті қандай болмақ? Оларды қандай жаза күтіп тұр? Өмірлерінде не өзгеріс болады? Осы сұрақтарға жауап тапқыңыз келсе, фильмді көруге шақырамын.

Айна ұрлаймын деп өмірінің айнасына сызат түсірген жастар өмірі қызық-ақ. Бұл туындыны өзім 3-4 рет қайталап көрдім. Әр көрген сайын жаңа эмоциялар сезіндім. Тіпті, қазір де қайталап көргім келеді. Әрине, бұл сюжеттің өткірлігі, қызық болуынан, сондай-ақ актерлардың шеберлігімен тікелей байланысты. Режиссер өз жұмысын өте тамаша орындады. Интригаға толы десек те болады. Сол сәттің атмосферасын жеткізе алды.

Мен кейіпкерлермен бірге жыладым. Біз қылмас жасаған жанды адам ретінде санамай, қоғамнан шектетіп тастаймыз. Шын мәнінде олардың да ішінде жақсы адамдар бар. Ешкімді жақтамаймын да, даттамаймын. Бірақ сол топ өкілдерінің өмірін көрсете алған үшін режиссерлерге алғысым шексіз!

Кино авторлары ешкімді кінәламайды. Фильм бойынша ой түюді көрерменнің өзіне қалдырған сияқты.

Маған бұл фильм ұнады, бәріңізге көруге кеңес беремін!

Қазақтың Битлзы- Дос-Мұқасанға арналған фильмі

Қызық факті: Қазақстандық кинематографияның басталуы 1938 жылғы «Амангелді» фильмінің шығуымен байланысты. Алайда екінші дүниежүзілік және Ұлы Отан соғысының кесірінен отандық киноның дамуы баяулады.

Бірнеше уақыт өткеннен кейін ғана соғыс туралы фильмдер үлкен экрандарда көрсетілді, ал одан кейін қазақстандық классиканың бет-бейнесі болып үлгерген алғашқы комедиялар шығып бастады.

Осы уақытқа дейін біз отандық өнімді тұтындық,ішінде тарихи киносы да, ой түйетін желіде түсірілген мазмұнды шығармадан бөлек, комедияны да тамашаладық.

Ішінен өзім көрген ,ұнатқан жылы туынды жайлы айтпақпын.

Бұл “Дос-Мұқасанға“ арналған фильм

Сүйікті фильміме айналған «Дос-Мұқасан»тобы туралы фильмнің премьерасы жақында ғана, яғни 2022 жылдың қыркүйек айының басында өтті.

Еліміздің 60, 70, 80-ші жылдарындағы ең сүйікті қазақстандық вокалдық-аспаптық ансамбльдердің бірі – аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобы туралы фильм.

Дос-Мұқасан — өз заманында ешкімге белгісіз музыкалық ұжымның қандай мықты,әрі әлемге белгілі топ болып қалыптасқанын көрсете алған жарқын және ерекше фильм болды.

Кинорежиссер Айдын Сахаман өткен жылдар дәуіріндегі кеңестік адамның күнделікті өмірінің қандай болғанын шебер көрсетті, ол заманда білім мен тәжірибең басымдыққа ие еді, өнер былай тұрсын. Ал Дос-Мұқасан тобы әдеттегі ел үйреніп қалған өмірді нағыз мюзиклге айналдырған талантты өнер иелері еді, олардың ішкі таңдауы -өнер болды. Бұл оңай таңдау емес, өміріңе әсер ететін таңдау. Осы екі дүниені салыстыра көрсетуі, олардың қандай табанды болғанын көрсете алуы, халықты шын ықыласына бөледі.
Фильмнің өзім байқаған бір кемшіл тұсы- акцентті Досымның таңдауына қойғаны, фильм топ туралы болғанннан кейін көбірек әрбір мүшелеріне де тоқталып өтуі керек еді.

Фильм 1,5 жылдай уақыт түсірілген, кадрлары сапалы, көрерменге қызық, тіпті залда жастардың да, орта буынның да, кейінгі ата-әжелеріміздің отырғаны да қуантты. Бұл ұлт пен ұлтты, жас пен кәріні сабақтастырған, ортақ эмоция сыйлаған фильм еді, бұл жердегі құдірет -сценарийде, ал сценарий шынайы өмірден алынған.

Фильмнен кейін Дос-Мұқасанның фанаты болдым десе де болады, қазіргі әртістеріміздің өзі олардың әнін жаңашалып, дем беріп, қайта жан бітіріп жүргені тіпті қуантады. Отандық өнер өнімі арта берсін дегің келеді:)

«Дос-Мұқасан» фильмі бүгінге дейін кассадағы ең табысты отандық фильм – кинотеатрлардағы жинағы 500 000 000 теңгеден асады.

Аты шулы "SHEKER" веб-сериалы

Start.ru интернет-платформасы Salem Social Media компаниясымен келісімге келіп, олардан есірткі туралы «Шекер» сериялын сатып алды. Танымал Kinopoisk интернет-сервисі қазақстандық режиссерлердің туындыларын “Қазақ фильмдер” платформасына салып, жаңартып отырады. Бұл қызмет А класындағы фестивальдерде көрсетілген түпнұсқа фильмдерді ғана емес, сонымен қатар танымал отандық комедияларды да сатып алынатын болған. Қазақстанда қызығушылық танытарлықтай фильмдердің көбеюін жиі байқаймыз.

Salem Social Media “Шекер” веб-сериалы Канндағы (Франция) ең үздік еуропалық сериалдар фестивалінің конкурстық іріктеуіне енгізгеннен кейін Канн сыйлығын алды -содан кейін Пусандағы (Корея) Asia Contents Awards марапатында «Үздік қысқаметражды фильм» номинациясында жеңіп алды. Гиссен қаласындағы Die Seriale мамандандырылған неміс фестивалінде «Үздік дыбыс дизайны» номинациясында жүлдені жеңіп алды.

Жасөспірім арасындағы өсіп келе жатқан мәселенің бірі-синтетикалық есірткі.
SHEKER — осы проблеманы көтеру барысында шығарылған сериал.
Екі жас студент жеңіл ақша артынан жүгіріп, есірткімен айналасуға бел буды. Бір-біріне ақша жинап, қоямыз деп бастап еді. Бірақ қолдарына түскен байлық ойларынан тайдырып жіберген.
Соның кесірінен қанша өмір қиылды, қанша адам басына проблема әкелді, жеңіл ақша қаншалықты тез қолға түскенімен, соншалықты тез оны жоғалтып алуға болатынын көрсеткен отандық сериал.
Қазақстанның ащы мәселерін ашық, сондай-ақ анық көрсете білген жас команда таңқаларлық жұмыс атқарды.
Ешқашан жеңіл жолмен жүрмеу керек екенін киносериалдан кейін түсінесің.
“Еңбексіз өмір жоқ,
Ауырсыз жеңіл жоқ.“-деп бекер айтылмаған.

Онымен қоса, Қазақстанда есірткінің тарауы әлем бойынша 8-ші орында тұрғаны көңіл көтерер емес. Таратып жатқандармен бірге соны қабылдаушылар саны көбеюде. Біз оны тоқтата аламыз ба? Әлде осының жалғасуына себепкер болып отыра берейік пе?