Ақиқат дәуірінде жалған ақпарат неге үстемдік құрып тұр?

Біз – ақпарат дәуірінде өмір сүріп жатқан адамзатпыз. Қашан да кез келген сұрағымызға жауап таба алатын, әлемнің кез келген түкпіріндегі оқиғалардан бір сәтте хабардар бола алатын замандамыз. Бірақ, сонда да шындық қолжетімді ме? Неге дәл осы “ақпарат ғасырында” жалған мәліметтер шындықтан да күштірек тарайды? Біз шындыққа жақындадық па, әлде одан бұрынғыдан да алыстап барамыз ба?

“Өтіріктің өрге жүзгені – ақиқаттың айтылмағаны”дейді қазақ. Қазір бұл сөз бұрынғыдан да өзекті. Ақпараттық ағынында шынайы дерек пен жалғанды ажырату қиындап барады. Біреу үшін бұл – бизнес, біреу үшін – саяси құрал, енді біреу үшін жай ғана хайп пен танымалдылыққа жетудің амалы. Бірақ ең қорқыныштысы – жалған ақпараттың адамдар санасын улап, қоғамды өзгертетін күші бар.

Адам неге жалған ақпаратқа сенгіш? Себебі шындық әрдайым оңай қабылдана бермейді.“Ащы шындықты естігенше, тәтті өтірікке сенген жақсы” деп ойлайтындар көп. Жалған ақпарат адамдардың эмоцияларымен ойнайды, қорқыныш тудырады немесе үміт сыйлайды. Сондықтан оны қабылдау жеңіл. Ал шынайы ақпаратты тексеру, оны талдау, ой елегінен өткізу – көпшіліктің әдетіне айналмаған.

“Жалған сөз – жанға қуаныш, бірақ шындық – өмірлік жол” деген даналық бар. Бірақ, қазіргі заманда бұл жол бұлыңғырланып кеткендей. Әлеуметтік желілерде таралған фейк жаңалықтар, манипуляцияланған бейнелер, жалған мәліметтер шынайы деректерден гөрі жылдам таралады. Неге? Себебі олар сенсацияға толы, адамдардың назарын аударуға бағытталған. Шындық қарапайым болса, жалған ақпарат әрдайым қызықты етіп беріледі.

Бірақ біз ақиқатты іздеуге тырысуымыз керек пе? Әлде жалған ақпарат ағынына бейімделіп, жай ғана тұтынушы болып қаламыз ба? “Бір өтірікті мың рет қайталасаң, ол шындыққа айналады” деген сөз бүгінде шындыққа айналғандай. Бірақ біз соған көне беруіміз керек пе?

Ақиқаттың құнын жалғандықпен өлшеуге болмайды.“Ақиқат – алтын, оны қараңғыда жасырсаң да, жарқырауын тоқтатпайды”дейді халық даналығы. Егер біз өзімізді саналы қоғам мүшесі деп санасақ, онда шындыққа деген сұранысты қалыптастыруымыз керек. Себебі, шындық ізделмесе, оның орнын міндетті түрде жалған ақпарат басады. Ал біз өтірікте өмір сүргіміз келе ме?

Совет Гүлім
11-сынып оқушысы