Тақырыбы:Ерекше әсер қалдыратын 6 кітап

Әдеби шығармалар адам санасына, жүрегіне әсер етіп, өмірге деген көзқарасын өзгертуге ықпал етеді. Әсіресе, терең ой, сезім және тағылымға толы туындылар оқырманның жан дүниесіне ерекше әсер қалдырады. Бұл мақалада қазақ және әлем әдебиетінің жауһарлары саналатын алты кітапқа тоқталамыз: “Гаухартас”, “Бақытсыз Жамал”, “Қамар сұлу”, “Мәңгілік бала бейне”, “Қарғын” және “Хайди”.
1.Дулат Исабековтың “Гаухартас” – қазақ әдебиетінің інжу-маржаны. Бұл повесте махаббаттың шынайылығы мен адамгершіліктің биік ұғымдары көрініс табады. Шығарма басты кейіпкердің Гаухар есімді қызға деген іңкәр сезімін суреттей отырып, дәстүрлі қазақ қоғамындағы махаббат пен тағдыр қақтығыстарын бейнелейді. Гаухардың тағдыры арқылы Дулат Исабековтың адам жанының терең иірімдерін ашады. Бұл туынды оқырманды сезімнің құндылығын түсінуге, өмірдегі шынайылықты бағалауға шақырады.
2.Міржақып Дулатұлы“Бақытсыз Жамал” – қазақ әдебиетіндегі алғашқы романдардың бірі. Міржақып Дулатұлы бұл шығармада қазақ қоғамындағы әйелдің теңсіздігін, ескі салт-дәстүрдің жастар тағдырына тигізген кері әсерін көрсетеді. Жамал – әділетсіздікке қарсы күресуші қайсар тұлға. Алайда оның қайғысы мен тағдыры оқырманды терең ойға жетелейді. Бұл шығарма еркіндік пен махаббат үшін күресудің маңыздылығын түсіндіреді және оқырманның әділеттілікке деген сенімін арттырады.
3.Сұлтанмахмұт Торайғыровтың “Қамар сұлу” романы – қазақ қыздарының тағдыры мен олардың бостандыққа ұмтылысын суреттейтін шығарма. Қамар – заманына қарамастан, еркіндік пен махаббатты аңсаған қайсар қыз. Шығармада қазақ қоғамының көлеңкелі жақтары – байлыққа құнығу, әйел теңсіздігі айқын бейнеленген. Бұл туынды оқырманды әділетсіздікке қарсы тұруға, шынайы өмірдің құндылығын түсінуге шақырады.
4.Роза Мұқанованың шығармасы “Мәңгілік бала бейне” – қазақ әдебиетіндегі философиялық және терең әлеуметтік туындылардың бірі. Шығарма Семей полигонының қасіретін көрген жас қыздың тағдырын баяндайды. Ол тек полигон құрбаны ғана емес, бүкіл халықтың қайғы-қасіретін бойына жинаған символ. Шығарма оқырманды атом сынақтарының сұмдығы мен оның адам тағдырына әсерін терең түсінуге жетелейді. Бұл туындыдан адамзат алдындағы моральдық жауапкершілікті ұғынуға болады.
5.“Қарғын” романы – 1970-80 жылдардағы қазақ қоғамының ішкі қайшылықтарын, жастардың арманы мен шындыққа деген көзқарасын бейнелейді. Шығарма кейіпкерлері арасындағы күрделі қарым-қатынастар, махаббат пен рухани ізденістер оқырманды баурап алады. Автор жастардың өмірден өз орнын іздеу жолындағы қиындықтарын, адамгершілік пен қоғамдағы құндылықтардың қайшылығын шынайы суреттеген. Бұл туынды адамның ішкі жан-дүниесін түсінуге және өмірлік шешімдер қабылдауға әсер етеді.
6.Швейцариялық жазушы Йоханна Спиридің “Хайди” атты романы – әлем әдебиетінің ең мейірімді және әсерлі шығармаларының бірі. Хайди есімді қыздың табиғатпен үйлесімді өмірі, адамдарға деген шексіз мейірімі оқырманның жүрегіне жылулық сыйлайды. Шығармада табиғаттың адам өміріндегі маңызы, қарапайымдылық пен жақсылықтың құдіреті бейнеленген. Бұл туынды мейірімділік пен адалдықтың адам өміріндегі рөлін терең түсінуге жетелейді.
Қорытынды
Бұл алты кітап – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды дәріптейтін туындылар. Олар адам жанының тереңдігін ашып, өмірдегі шынайы сезімдер мен құндылықтарды тануға көмектеседі. Әрбір шығарма оқырманға ерекше әсер қалдырып, оның дүниетанымын кеңейтеді. Осы кітаптарды оқу арқылы біз тек әдебиеттен ләззат алып қана қоймай, өмірдің мәнін түсініп, рухани байимыз.

Совет Гүлім
11-сынып оқушысы

Кітап оқу vs. TikTok: жаңа заманның таңдауы қандай?

Бір кездері қолымызға кітап алып, әр бетін ақтарып, жаңа әлемнің есігін ашатын едік. Ал қазір телефонды бір сілкіп, бірнеше секунд ішінде жүздеген бейнені көріп шығуға мүмкіндік бар. Бұл – қазіргі заманның шындығы. Бірі – сан ғасырлық білімнің қайнар көзі, екіншісі – тез ақпарат алудың жаңа жолы. Ендеше, бүгінгі қоғамның таңдауы қандай?

Бір кітап – бір ғұмыр

Кітап – ақылдың қазынасы, жанның шырағы. Әр беті – терең ойдың жемісі, әр жолы – адамзаттың ғасырлар бойғы жинаған білімі. Кітап оқыған адамның ойлау қабілеті жүйеленіп, қиялы ұшталып, тіл байлығы артады. Ол – шыдамдылықтың, ой тереңдігінің белгісі. Кітап адамның жүрегіне жылулық сыйлап, өмірдің мәнін түсінуге көмектеседі.

Бірақ бүгінгі таңда парақтап оқудан гөрі жылдам тұтыну мәдениеті алға шықты. Адамдар романның орнына қысқа посттарды, зерттеудің орнына жылдам шолуларды, терең ойдың орнына жарқ еткен бейнелерді тұтынуды жөн көреді.

TikTok – ақпараттың жаңа дәуірі ме?

TikTok – жылдамдық пен визуалды мазмұнның шыңы. Ол – заманауи адамның ақпарат тұтыну тәсілін түбегейлі өзгертті. Бүгінде адамдар ұзақ мәтін оқуға емес, бірнеше секунд ішінде барлығын түсінуге дағдыланып барады. TikTok бұл қажеттілікті толық қанағаттандырады.

Бірақ бұл жылдамдықтың көлеңкелі тұсы да бар. Ақпарат тым жеңіл әрі қысқа болғандықтан, адам оны үстірт қабылдайды. Қазіргі жас ұрпақтың есте сақтау қабілеті әлсіреп, терең ойлаудан алшақтап барады. Бірнеше секундтық роликтермен өскен адамның сабырлы түрде кітап оқуға төзімі жетпей қалуы мүмкін.

Қайсысын таңдаймыз?

TikTok – уақыт ағымына ілесудің бір жолы, бірақ ол кітаптың орнын баса ала ма? Әрине, жоқ. Кітап оқудың орнына тек қысқа бейнероликтер көру – ойлау жүйесін таяздандырып, ақпаратты үстірт қабылдауға әкеледі. Ал TikTok-ты мүлде ысырып тастау да дұрыс емес, себебі ол жаңа ақпарат алудың, жаңалықтармен танысудың тиімді жолы.

Маңыздысы – тепе-теңдік табу. Кітап – ойдың тереңдігі, TikTok – жылдамдық. Біріншісі – рухани азық, екіншісі – ақпарат ағымына ілесудің құралы. Оларды үйлесімді пайдалана алсақ, заман ағымына сай өмір сүріп, ойымызды да байыта аламыз.

Ендеше, таңдауыңды жаса! Қысқа роликтермен өмір сүру оңай, бірақ ойың терең болсын десең, кітаптың бетін ашуға ерінбе.

Совет Гүлім
11-сынып оқушысы

Сторителлингке қатысты қандай жақсы кітап бар?

Роберт Маккидің “Сториномика” атты шығармасы.

Неліктен көптеген ақпараттың бір бөлігі вирус секілді Интернетте таралып жатса, екінші бөлігі танымды болса да, аудиторияға қызықсыз болуда? Осындай сұрақтардың жауабын осы кітаптан білуге болады.

«Сторителлинг» термині көптен бері көз алдымда жыпылықтап жүрді, бірақ мен оған онша мән бермедім. Жақын арада, сабаққа қатысты болғандықтан, оқып шықтым. Көптеген сұрақтарыма жауап алдым.

Әңгіме арқылы адамдарды өлімнен кейінгі өмірге, жат планеталықтарға, ежелгі жоғары дамыған өркениеттерге, масондарға және т.б. дүниелерге сендіруге болады. Ақпарат оқиға түрінде берілсе, оқырманды қызықтырып алу қиын емес.

Адамдар әңгімеңізді оқығанда, сізге жақын болғанын, болашақта сенімдік сезіндіреді.

Сторителлинг – адам санасына психологиялық әсер етудің ең күшті түрі.

Әңгімелердің әсері кейде адамдардың санасын өзгертетіні соншалық, олар сіздің жанкүйерлеріңізге айналып, сіз қателессеңіз де, бірге әрекет ете бастайды.

Ақпаратты оқиға ретінде жариялағанда, оқырман назарын аударып алу жеңілдірек болады.

Роберт Маккидің маған ұнаған жаңа терминімен бөлісті — «Сторификациялау». Яғни, фактілердің кездейсоқ комбинациясын нақты құрылымы, себеп-салдарлығы бар біртұтас оқиғаға айналдыру.

Осы кітаптың арқасында көптеген жаңа ақпарат танып-білдім. Егер, сіздер де болашақта блог жүргізіп, инстаграм парақшасын дамыту ойда болса, онда осы кітап оқуға кеңес беремін. Соның арқасында, оқырман назарын қалай аудару керек екенін, жиналған аудиторияны қалай ұстап тұруға болатынын, сондай-ақ ақпаратты ұтымды қалай қолдануға болатынын біле аласыз.

Әкем әкелген журнал

Әкем үйге “Қасым” журналын маған оқуға алып келіпті. Ішін ақтарып отырып, Рахымжан Отарбаевтың “Бас роман” еңбегімен таныстым. Ерекше туындыдан ұнаған сөйлемдерді түртіп алдым:

Сақ көсемі: менде сендей болғанмын.
Сен де мендей боларсың.

Батыр — бір оқтық.

Ажалдың ақ мылтығы тураламасын де…

Көп жалғандықтан жалғыз шындық үркетінін көрдік.

Сана азат болмаса, тәуелсіздіктің құны көк тиын.

Қазақтар жақсы көргенін ішінде ұстайтын, ашып айтпайтын халық қой.

Көйлегім емес, көңілім тозды.

— Қазақстан қаншама ақыл-ойдан, оқымыстылардан осылайша айырылып жатыр. Өкінішті!
— Ұғымы бөлек. Түсінігі басқа. Баладай — сенгіш. Данадай — ойлы. Өңшең тебеген айғырлар қуалап сыйғызды ма?

Жастықтың өзі — жарты мас.

— Материалдық игілік бүгін бар, ертең жоқ, мама. Рухани байлық болмаса…
— Айтып отырған рухани байлығы құрғырың үстіңе үй, астыңа машина бола ма? Айтшы осы?
— Үйің тозады, машинаң сынады. Ақшаң таусылады. Жан-дүниеңнің жарасымынан артық ештең жоқ, мама. Ол қазына ортаймайды.

Ауылдың баласы қалаға келсе түлкі болады. Қаланың баласы ауылға барса күлкі болады.

Ал, ұлт намысын жоғалтсақ ше? Онда бәрінен де айырылғанымыз!

Алмағайып заманда албасты да әулие.