Жанарына жас толған Көлсай

Былтырғы жылдың жазы. Тамыздың аптап ыстығында Алматының пейжазын аңсап жолға шықтым. Көңілім жайланып, сабырсыз күндерден санам тынышталып, тынығып қайттым. Бұл демалыс маған шынымен ауадай қажет еді.
Оқу біткелі жұмыстан көз ашпай, өзімді шаршатып жібергенімді сездім. Әлдеңеден құр қалардай тырмысып, көрген істің бәрімен айналысып, күйбең тіршіліктің қамымен уақыттың зырылдап өтіп бара жатқанын ұмытып та кетіппін. Демалып қайтамын деп шештім. Бірден ойыма түскені – апорттың Отаны Алматы. Көптен баруды ойлап жүр едім, уақыты жетті…
Жұмыстан шығып, елордамыздың қақ ортасындағы Бәйтеректің жанынан өте бере, тоқтай қалдым. Қызық, күнде көріп жүрген ғимарат сол күні ерекше әдемі көрінді. Баурайына батып бара жатқан қызыл ала күннің сәулесімен одан сайын ажарлана түскендей. Туып өскен елімнің көз тоярлық әсемдігіне осы күнге дейін назар аудармай келген сияқтымын. Көрініске таңданып, біраз тұрдым. Бірақ бұл туған жерімнің көркем табиғатын, асқар таулары мен көгілдір көлін көргендегі тамсаныстың бергі жағы ғана еді. Алматыда көргенім тіпті сөзбен айтып жеткізуге келмейді.
Келесі күні жақын құрбым Назым хабарласып еді, оған менімен бірге Алматыға барып қыдырып қайтуды ұсындым. Қуанышыма орай бірден келісе кетті. Осылайша Алматыға жеткен едік.
Ұшақтан таңғы самалда түстік. Айдың жерді қимай аймаласа қоштасып, күннің жерге жеткеніне қуанғандай қызара атқан сәті. Ұйқылы ояу күйімізбен сол тамаша сұлулыққа қатты көңіл аудара қоймаппыз. Әуежайдан шыға бере, таныс жүздерді көріп төбеміз көкке жетті. Сыныптастарымыз Қуаныш пен Ақниет бізді түннен бері көлік тұрағында күтіпті. Қаншама жылдан бері көріспеген достарымызбен сағынышпен табысып, таңғы ас ішпекке бір дәмханаға келдік. Әңгімемізді айтып тауысар емеспіз. Әлденіп алып, бірден тауға қарай бет алдық.
Жаңалықтармен бөлісіп, сыр шертісіп келе жатқанда жолға көзім түсті. Көліктің алдыңғы жағында отырған едім. Айнала жап-жасыл, жайқалған ағаш, самал жел, ән салып, желмен жарыса ұшқан құс. Жаңа ғана зәулім ғимараттарымен қатал, сұсты көрінген қала жанданып сала берді. Өзгерісті достармен сөйлесіп отырып байқамай қалыппын. Иә, қаланың ішінде де алып таулар мен мұндалап, төбесін көрсетіп тұрғанмен бұл көрініске жетпесі анық. Тау жаққа жеткен соң барлығымыз көліктен түсіп, жаяу көтерілдік. Тап-таза ауа, құжынаған тіршілік, сылдырлап аққан бұлақ. Жолда сүп-сүйкімді тиіндерді де көрдік. Алғаш рет өз көзіммен көріп тұрғандықтан таң қалдым, келушілер қойып кеткен жаңғақтарды кеміріп, жан-жағына жалтақтай қарап, сақтықпен қашуға дайын тұр. Үркітіп алмас үшін біз де қозғалмай, бір орында қатып қалыппыз. Ақырын ғана суретке түсіріп алдық. Асықпай ғана тұрып жолымызды жалғастырдық.

Ұйықтап демалмағандықтан әліміз құрып, тауға шығу қиындау болды. Әрі қайта-қайта сөзге айналып, әңгімеміз бітпей кеткен соң ары қарай көтеріле алмадық. Біраз тынығып алу үшін осы жерден қайтып кеттік. Тек бұнымен сапар біткен жоқ. Алдын ала жолға шықпай тұрып арнайы турагенттіктен Алматының табиғатындағы саяхатқа жазылып қойғанбыз. Келесі күннің жоспары сол. Тек біз таудан кейін жалдамалы үйімізге жайғасып, көз шырымын алып, тынығып алған соң кешке қарай достарымызбен тағы да жиналдық. Түнгі Алматының тынысын барлап, жаздың салқын кешін таулардың бөктерінде өткіздік. Қамсыз жастық шақтың қызығына батып кеткеніміз сонша уақыттың қалай өткенін байқамай қалыппыз. Үйге таңға жақын оралып, жарты сағаттай ұйықтап, жиналып шықтық. Таңғы алты кезінде турагенттіктің белгілеген жерінде болуымыз қажет. Жеткен бойда туристердің көптігінен басымыз айналып, өз автобусымызды әрең таптық. Сыртында раушан гүлінің суреті бар алыс сапарларға арналған үлкен автобус. Аздап кешіктік, келсек алдыңғы жақта екі бос орын ғана қалыпты. Соған жайғасып, жол жүре бергенде шаршағандықтан қатты ұйықтап кетіппіз. Екі сағаттан кейін бір шуылдан шошып ояндым. Бірінші аялдамаға – Шарын шатқалына жетіппіз. Негізі шатқалдың 4 бөлігі бар, біз оның үшеуіне бардық. Ең алдымен қызыл шатқалға тоқтадық. Автобустан түсіп едік жанып тұрған күннен біраз сескеніп те қалдық. Бірақ табиғаттың ғажап туындысы — шатқалдардың келбетін көрген кезде аптап ыстықтың да біздің мазамызды кетіре алмайтынын түсіндік. 12 миллион жыл бойы қалыптасқан тау жыныстары бір жағынан өте қорқынышты көрінгенімен бір жағынан әдемілігімен көздің жауын алады. Қызыл реңкті жоталар баурайында үлкен сыр сақтап тұрғандай жұмбақ бейнесімен қызықтырды. Қызыл шатқалды аралап жүріп ен далада бір қоңырауды көрдік. Бағдар көрсетіп жүрген гидтердің айтуы бойынша осында келген туристер тілек тілеп, қоңырауды соғады. Яғни шатқалдың киесіне сеніп, арман-тілектерінің орындаларына сенеді екен. Біз де ырымдап, дәл солай жасадық.

Демімізді алып біраз отырдық та, автобусқа оралдық, келесі аялдама – Сары шатқал. Аты айтып тұрғандай қатпарлары, топырағының реңкі сары түсті. Ел аузында «Айлы шатқал» немесе «Киіз үй алқабы», «Ұзынбұлақ алқабы» деген атаулары да бар. Айлы шатқал аталған себебі айдың бедерлеріне ұқсайтын кескініне байланысты. Ал төбесі киіз үйдің шатырына ұқсағандықтан «Киіз үй алқабы» аталып кеткен. Масштабы қызыл шатқалға қарағанда біршама кіші, сондықтан ұзақ тоқтамадық. Дегенмен де бір көріп, атауларына сай бейнесін, тағы бір керемет жердің қойнауын тамашалап қайттық.

Келесі аялдамамыз – Қара шатқал. Қатпарлары өмірдің талай қиындығын көрген қарттың бетін шалған әжімдердей, бойына даналық сіңген жанның бейнесін есіме түсіргендей болды. Өте қауіпті аймақ саналатын жер екен. Қара аталу себебі тек тастарының түсінен ғана емес. Аңызға сүйенсек мыңдаған жылдар бұрын көшпенділер мекендеген аймақ болған. Түннің қараңғылығында қара қабырғалары байқалмай, шатқалдың түбіне көптеген адамдар құлап, қайта табылмаған. Бұл Қара шатқалға байланысты аңыздардың біреуі ғана. Осы сынды қорқынышты жағдайлар көп болған деседі. Содан бері үрей туғызып, «Мыстандар алқабы», «АйдаҺар шатқалы» деп те аталып кеткен. Естіп алып, шатқалға үңіліп қарап едім бойымды қорқыныш билеп алғандай болды. Төменге зер салып, шеткі жағына шығуға жүрегім дауаламады. Сонда да тілсіз табиғаттың тылсым үнін есітіп, құшағында еркін қыдырып жүргеніме марқайып қалдым. Шаршасам да саяхаттың әлі де бітпегеніне қуанып, автобустағы орныма жайғастым. Жолға шығып, жеткенше ән салдық. Бір уақытта сурет салып қойғандай, қарасаң көз тоймайтын пейзажды көріп аузым ашылды. Камерамды ашып естелікке суретке түсіріп, жаратқанның құдіретіне таңданып, кеудемді бітпейтін шаттық бойлады.

Түс ауған шақ еді, тамақтанып алу үшін ауылға тоқтадық. Қазақстанның ішіндегі туризмі жақсы дамыған, саяхатшылардың қоныстанатын Саты ауылына келдік. Отандық фильмдердің біразы дәл осы жерде түсірілген екен. Автобустан түсе бере жайлы атмосфераны, ауыл тұрғындарының жылы пейілін сездік. Құдды бір ата-әжемнің ауылына келгендеймін. Тек олар қалада тұрады. Сол себепті бұл маған біртүрлі жаңа сезім болды.
Ауқаттанып алып, көгілдір суымен жанарыңды масайтатын Көлсай көлдеріне аттандық. Негізі ол төменгі Көлсай, ортаңғы Көлсай, жоғарғы Көлсай деп бөлінеді. Ортаңғы Көлсайдың жағасына бара бергеніміз сол еді жел тұрып, дала салқындай түсті. Түскі аптаптан қарағанда осындай ауа-райы біз үшін оңтайлырақ. Кеудешемізді алып таумен көтеріліп, көлге қарай жүрдік. Баяғыда осыдан 13 жыл бұрын Көлсайға келгенім бар еді. Тек ол кезде түпсіз тереңге батып өміріммен қош айтыса жаздағанмын. Таза ауадан ба, әйтеуір бір денем босаңсып, ұйқы басып, аяғымды баса алмай, таудан әрең көтерілгенмін. Көпірден өте бергенде аяғым тайып құлап кете жаздадым. Қолымнан жетектеп жүрген анам ұстап қалып, бір ажалдан қалдым. Сол күн әлі есімде. Осы сапарға шығарда да анам сақтықпен байқап жүруімді шегелеп тұрып тапсырған. Бала күнгі сол оқиғамды есіне түсіргенде денесі түршігіп, көзіне жас алатыны бар. Мен де абайлап әр қадамымды аңдап бастым.
Таудың етегіндегі сарқыраған бұлақты көріп аялдадық. Тастай суық су күн сәулесінен жылтырап, мөлтілдеп ағып барады. Суығына қарамастан қызығып, аяқ киімізді шешіп, аяғымызды салып, кіп-кішкентай бүлдіршіндей тастарымен ойнап шат-шадыман күй кештік. Сол бір естелікті мәңгілікке жүрегіме жазып қалдырсам арманым жоқ. Одан тұра бере таудың биігінен Көлсай көлінің алақандағыдай көрінісін байқап тілім байланды. Сұлулығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бейне бір ертегілер әлеміне түсіп кеткендейсің. Тәтті қиялыңның шегіне жетіп, мүлдем оянбайтын ғажап түстің құрсауында қалғандайсың. Көгілдір түсті тұнық көл мен жап-жасыл ағаштар, асқар тау. Табиғаттың ең асыл жауһары осы секілді. Таңғажайып мекеннің келбеті жұмақтың төріндей самсап тұр. Көлсайдың өзі бізге құшағын айқара ашып, құрсағына шақырғандай. Бұндай ұсыныстан бас тарта алмаспыз, әрине. Айдынына еніп, тынысын сезбек болып, қайыққа міндік. Жер бетінде бізден бақытты жан қалмағандай. Көлсайдың суына қол жүгіртіп, жер ананың махаббатын сезгендей ләззаттандық. Елімнің, Қазақстанымның байлығына жеткендеймін. Жүрегімді мақтаныш оты кернеп, кеудемді Отанымның саф ауасына толтырып, демімді алдым. Уақытты тоқтатып, табиғатпен үндестікте жалғыз қалуды аңсаған күйі қимылсыз қалыппын. Алғаш рет жаратылыстың сымбатына сүйсініп шексіз ғашық болдым. Аяқ асты ойластырылған сапарым еліме деген ыстық махаббатты одан сайын жандандырып, отша лаулатып жібергендей. Ендігіде туған жерімнің әрбір тұсын, тау-тасын аралауды мақсат еттім. Қаланың бітпейтін қарбаласынан зеріккенде осындай саяхаттардың маңыздылығын түсінгендеймін. Қайықтан түсіп, қайтарға жиналғанда ерекше қимастықпен көңілім құлазып сала берді. Көлсай да бізді жібергісі келмей жанары жасқа толып, себелеп құйған жаңбырмен шығарып салды…

Мөлдір Мандыбекқызы