Қазақстан. Кеше. Бүгін. Ертең

Қазақстан — қазіргі таңда тәуелсіз мемлекеттердің қатарынан екені баршамызға мәлім. Толығырақ, ешкімге, ештеңеге бағынбайтын, өзіндік Ата заңы мен ережелері бар, өзіндік салт-дәстүрімен, әдеп-ғұрыпымен, наным-сенімімен, ең бастысы — ақкөңіл де қонақжай «қазақ» халқымен басқа елдерден ерекшеленетін бөлек, дара елміз.
Кеше. Бүгінгі көріп жатқан күніміз, ашық аспанымыз әрине, біздің арғы ата-бабаларымыздың арқасы екенін ұмытпауымыз керек. Негізінен, қазіргі күнге дейін жетуіміздің өзі — үлкен жетістік десем мүлде қателеспеспін. Қазақ халқының қасиетті тарихы керемет қой, шіркін! Әр қазақ баласы өз халқының тарихын білуі міндетті. Сол кезде ойларыңызға түбінде қандай астарлы терең ой-пікірлер келіп, қалыптасып, қазіргі көріп жатқан күнімізге қол жеткізу үшін қаншама тер төгіліп, еңбек етіліп, қаншама қан-төгістер орын алған екенін бірден-ақ түсінуге болатынына куә боласыздар.
Бүгін. Жеке өз пікірім бойынша, дәл бүгінгі күні қазақ жастарымыз екі ұстаныммен өмір сүреді. Бірінші ұстаным: “«қазақ» деген атымыз бар ма, сол атқа сай болып, халқымыздың абыройын асқақтатып, барша әлемге қазақтың ұлттық болсын, рухани құндылықтарын танымал етіп, жалпы ана тілімізді, оның өзіндік ерекшеліктерін құрметтеп, сыйлап, «қазақ» атын барынша көтермелеу.”Екінші ұстаным: “ Қазір XXI ғасыр болғандықтан, әлем бойынша жаһандану үрдісі жүруде. Оның ішінде біздің ел де бар. Жаңа Қазақстан. Жаңа қоғам. Заманауи ұстаным. Жеке өмір. Әр адам өзі үшін шешім қабылдауға толықтай құқылы. Біз — жастар, кешегі күнмен өмір сүріп, өтіп кеткен оқиғаларды елемей, ескіріп келе жатқан, өзектілігін күннен күнге жоғалтып бара жатқан қазақтың дәстүрлеріне қатты көңіл аудармайтын жастармыз.” Міне, дәл осындай екі қағиданы ұстанатын, әр адам өзіндікін дұрыс деп санайтын жастарымыз аз емес. Мен өз басым бірінші ұстаныммен жүріп, алға жоспар құруды көздеймін. Өкінішке орай, заманауи қоғамда екінші ұстаныммен күн кешетін қазақ жастарының саны шыны керек, күннен күнге артып жатыр. Жеке менің ойым бойынша, екінші қағиданы ұстанатын қазақ жастары «қазақ» атына кір келтіреді. Бұл қағиданы ұстанатын адамдарға көңілім толмайтыны рас. Алайда, әлі де кеш емес. Өз ойларын өзгертіп, қазақ елінің болашағына үлкен үлес қосуға әлі де мүмкіндіктері бар екені қуантады.
Ертең. «Еліміздің болашағы — жастардың қолында» демекші, жоғарыда айта кеткен пікірлерімді негізге ала отырып, заманауи қоғамдағы өзекті мәселенің шешімін таппасқа болмайды деген түйінге келдім. Халқымыздың қасиетті тарихының құны, ұлттық құндылықтарымыздың құны күннен күнге жоғалуы өкінішті-ақ. Еліміздің болашағы жарқын болуы үшін көптеген іс тындырып, қажетті шараларды қолдануымыз қажет. «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген ұстаныммен бірігіп, бір бүтін жиын болып, қолымыздан барлығы келетінін дәлелдеуге керемет мүмкіндік туып тұр. Мағжан Жұмабаев атамыз айтып кеткендей «Мен жастарға сенемін». Сондықтан Мағжан атамыз сияқты қазақ зиялыларымыздың үмітін ақтауымыз — ең басты міндеттеріміздің бірі.
Кеше, бүгін болсын, ертең болсын еліміз сол бір Қазақстан болып қала береді. Болашақта халқымыздың ұлттық құндылықтарын жоғары көтермелейтін, бір сөзбен айтқанда өз халқын құрметтейтін қазақ жастарымыз көбейе берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Султанова Индира