БАҚЫТТЫҢ МӘНІ АҚШАДА МА?



Бақыт сөзі әр адамның ой санасында әр түрлі ұғымда. Бірі үшін бақыт — денсаулық, жақындарының амандығы, ал екіншісінің түсінігінде бақыт ол — мәртебе, атақ, абырой болса керек. Тіпті кей жандар үшін бақыттың мәні ақшада, байлықта.
Иә, бес саусақ бірдей емес дегендей, бақытты өмірдің адам түпсанасындағы модельдері жетерлік.
Қазіргі таңда бақыт ұғымын ақшаға тікелей байлап қоятындарды да жиі кездестіреміз. Осы тұста «бақыттың мәні ақшада ма?» деген көкей тесер сұрақ пайда болары анық. Бұл сұраққа жауап бермес бұрын «бақыт» пен «ақша» ұғымдарының мағынасын ашып алсақ.
Бақыт — адамға эмоция сыйлайтын, өмірге құштар қылар сезімдердің бірі. Ал «ақша» — адам қажеттілігін өтейтін балама деп қарастыра аламыз.
Енді жоғарыдағы қойылған сауалға келер болсақ, бұл сұрақтың шешімі екі жақты қарастырылады.
Бақыттың мәні емес, оның бір бөлшегі ғана ақшада. Яғни бақыт ұғымын толығымен ақшаға байлап қою әсте дұрыс емес. Бірақ ақша — қажеттілік, ақша — ресурс. Мысалы, саяхаттау, қымбат мейрамханалар, брендтер былай тұрсын, сіздің киіміңізді бүтін, қарныңыздың тоқ болуы, жылы баспана мен білім игеру үшін ақша қажеттілік болып тұр. Яғни ақшаны толығымен керексіз дүние ретінде қарастыра алмаймыз. Бірақ дүние қуып, бақыттың мәнін қашырмаған дұрыс. Өйткені өмірде ақшадан да қымбат дүниелер өте көп. Атап айтсақ, денсаулық, отбасы және т.б. Қалтаңды тесіп бара жатқан қанша байлығың болса да, мұнын біріне де жетпесі анық.
Қорыта келе, қоғамдағы адамдардың ойындағы «байлық», «ақша», «бақыт» ұғымдары сан қилы. Демек бақыттың құны емес, құндылығы маңызды екенін ұмытпаған жөн.
Сөз соңын Қадыр Мырза Әлінің мына бір өлең жолдарымен қорытындылаймын:
Бір құдірет бізді өмірге жолдайды.
Біз өмірді түсінбейміз,
Сол — қайғы.
Туа сала таудай бақыт күтеміз,
Ал шынында бақыт үлкен болмайды.
Лүпілдеген тамырындай шекенің
Жеке сағат,
Жеке тәулік,
Жеке күн.
Үлгермейміз түсініп те,
Байқап та
Кейбір сәттің нағыз бақыт екенін!

БАҚЫТТЫҢ БАҒАСЫ-БАЙЛЫҚ ПА?

Бақыт деген не? Оны әркім әрқалай түсінеді.Біріне бақыт-зәулім сарай, әдемі көлік, біріне-бала, енді біріне-денсаулық.

Кейбірі бақытты өмір сүрудің құны ақшамен өлшенеді деп ойлайды.Дегенмен ақша-толық бақыттың кепілі емес.Қалтасында миллиондаған қаржысы бар, бірақ бақытсыз және асып-тасыған байлығы болмаса да, бақытты ғұмыр кешіп жүрген жандар жетерлік.Бұл әркімнің өмірге қай жағынан қарайтынына да байланысты сияқты.

Енді нақты статистикаға сүйенсек.2024 жылы Қазақстандағы орташа жалақы 382 279 теңгені, ал ең төмені 85000 теңгені құрайды.Статистика бойынша орташа жалақыны халықтың 30-40 %-ы ғана алады.Ал қалғаны бұдан да аз алуы мүмкін.Неліктен жалақы статистикасына сүйендім?Өйткені, қарапайым халық жоғарыда аталған орташа жалақымен (жартысынан көбі бұдан да төмен жалақымен) күн көріп отыр.Олардың барлығын бақытсыз деп айта алмаймыз.

Кейбірі бақытты өмір сүруге көп ақша керек деп ойлайды.Бірақ бұл әр адамның өзіне байланысты.Біреуге ай сайын 100-200 мыңдап жұмсау бақыт әкелсе, енді біріне 1 айға 40-50 мың да жетіп артылады(адам басына шаққанда).Оған дәлел «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңы.Заңға сәйкес еліміздегі ең төмен күнкөріс деңгейі 43407 теңгені құрайды.
Ақшаның адам өмірінде маңызы мүлде жоқ демеймін.Былай алып қарасақ, өміріміздің басым бөлігі ақшаға байланысты.Жүріс-тұрыс, азық-түлігің тағысын тағы.Тіпті, жұмыстың өзін ақша үшін жасаймыз.Дегенмен бұл жердегі басты мәселе-ақшаны, байлықты жүрекке кіргізіп алмау.Бір мезетте молынан қаржы келсе ақшаның буымен «алтын көрсе періште жолдан таядының» кейіпіне еніп кетпеу керек.

Ал мен үшін бақыттың «құны» қанша? Бақыт деген-дәл қазіргі сәт.Таңертең ұйқыңнан аман оянып, 12 мүшеңнің сау болуы, жақындарыңның жаныңнан табылуы.Денің сау, басың аман болса, байлығы да, басқасы да болады деп есептеймін.
Өтесбай Фариза